Жиында қазақ колөнерін жаңа деңгейге көтеру мәселесі талқыланды. Шараға бастамашы болған Мира Рахымжанованың айтуынша, өңірімізде ұлттық нақыштағы тігін заттары кең өріс алып, ауқымды өндіріске айнала алмай отыр.

- Мен өзім ғылым саласының адамымын, - дейді Мира Рахымжанова. – Докторантпын. Бірнеше шет елдерді көрдім. Италияда болғанда олар өздерінің ұлттық құндылықтарымен мақтанды. Қолөнерлерінен туған дүниелерді жарнамалап, әлем халқын қаратып алған. Олардың Бурано деген жерінен ежелгі шыныларды сатып алады немесе Dolce&Gabbana киімдерін бәрі таласып алады. Содан кейін біздің қазағымыз неге әлемге өзін танытатын брендін шығармасқа деген ой келді. Үйге келіп анам мен тәтеме айтым. Олар 30 жылдан бері қолөнермен айналысып келеді. Тәтемнің тігін салонын үлкейтіп, қазақи дүниелер тігуге кірістік. Құрақ көрпелер мен камзол тігу қолға алынды. Үй-ішін әрлейтін заттарды жасау жоспарда бар.

Алайда, Мира Рахымжанова бұйымдардың сатуға келгенде бағасы төмен және өңірімізіде ұлттық дүниелер аса маңызға ие емес екендігін атап өтті.

- Біздің жақта ұлттық бұйымдарды халық бағаламайды, - дейді Мира Рахымжанова. – Оңтүстік пен батыста бір-біріне оюлы заттар сыйлап, жоғары бағалайды. Сондықтан бұл менің кәсіпкер тұрғыдан менің затымды алыңыз деген коммерциялық пікірім емес. Ұлттық құндылығымызды көтеру туралы ойым. Сұрастыруым бойынша облысымызда біршама тігіншілер бар. Мархабат Садығазина өте жақсы тігінші екенін білемін. Оған қоса, «Алтын оймақ» тігін шеберханасы бар. Көбісі өнімдерін тек таныстарының арасында ғана саудалайды. Бірақ ірі көлемде өндіріске айналмайды. Өйткені ұлттық нақыштағы заттар бағалы емес. Халық арзанға алғысы келеді.

Павлодар қаласындағы қолөнермен айналысатын кәсіпкерлердің бірі Айбын Құрман қолдан жасалған бұйым ұзақ уақыт қолданылатынын ескертті.

- Жұбайым Нұрсәуле тігінмен айналысады. Барлық заттарды өз қолымен тігіп шығады. Жіп, мата сияқты қолданатын материалымызға көп шығын кетсе де өнімдерімізді арзан бағаға қоямыз. Соның өзін тұтынушылар қымбат санайды. Халық Бішкек жақтан келетін зауыттан шығатын затты алады. Ол заттардың 3-4 тойдан кейін жібі сөгіліп, түймесі түсіп, сапасы кете бастайды. Біздің қолдан жасалған заттар ұзақ уақыт сапасын жоғалтпайды, - деді Айбын Құрман.

Г.Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану мұражайының этнография бөлімінің басшысы Шолпан Абыкешова заттарды халық көңілінен шығатындай қылып жасау керектігін айтты.

- Біздегі тігіншілер қандай да бір заттарды жарқыраған түстермен тігеді, - дейді Шолпан Абыкешова. – Ал, біздің өңірде түрлі ұлт тұрады. Мәдениетіміз де басқаша. Біздің халық қарапайым түстерді ұнатады. Аса жарқырап тұрған оғаш көрінеді. Сондықтан заттарды халық көбірек алуы үшін олардың мәдениетіне қарай тігу қажет.

Павлодар облысы «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова ұлттық нақыштағы бұйымдарды халық арасында таратып, маңызын арттыру бойынша жұмысты нәтижелі жасау керектігін тілге тиек етті.

- Бізде Рухани жаңғыру мақсатындағы жобалар көп, - деді Бақытжамал Максилова. – Алайда сол жобалардың нәтижесі байқалмайды. Саны көп, сапасы аз. Бүгінгі жиынға әкелінген заттардың арасында алғаш көріп тұрған бұйымдар бар. Бұйымдар керемет. Қарап сүйсінесің. Бұларға көрме жасап немесе акция бастап елге көрсету керек. Ал, ұлттық құндылықты насихаттауды ақырындап-ақырындап жүзеге асыру керек. Әр адам өзінен бастасын. Тіпті өзінің киіміне кішкентай ғана ою жабыстырып алуына болады. Бірден бүкіл оюды төгіп, ерсі көрсетуге болмайды.

«Рухани жаңғыру» аймақтық жобалық кеңсесіндегі диалог алаңында жиынға қатысушылар халық мәдениетінің құрамдас бөлігі саналатын ұлттық қолданбалы өнерді заманауи деңгейге жеткізуді талқылады. Қатысушы сарапшылар мен шеберлер өз тілектері мен идеяларын ортаға салды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қолөнер, шебер, Рухани