- Мемлекеттік тілді қоғамдық тіл, ана тілі деп айтамыз, - дейді Айман Зейнулина. - Қоғамдық тіл деген терминді кезінде Жүсіпбек Аймауытов кіргізген. Қоғамдық тіл дегеніміз - ұлтына, жасына, қызметі мен атағына қарамай, қай жерде тұрсың, сол қоғамның, яғни мемлекеттің тілінде сөйлеу. Ұлттық тілдің бренд сипатын жасау керек. Шетелге жиі барамыз. Сонда әр елдің өзіндік бренді бар. Сол елдің тілін түсінбесек те жанталасып, сөйлескіміз келіп тұрады. Қытайдың «Ни Хауо» деген сөзін 15 минутта үйреніп аламыз. Сол сияқты қазақ тілін сіңіретін бренд жасау керек. Қазақ тілінде сөйлеу беру керек. Ұрып, соғып түсіндіру емес. Өзін сөйлеп тұру арқылы көрсете білу қажет.

Профессор қазақ тілін насихаттайтын бірегей жоба құрастыруды ұсынды.

- «Ұлы дала» фестивалі сияқты отбасындағы тіл заңдылығы бойынша сенсация жасап көрейікші, - дейді Айман Зейнулина. - Осы күнге дейін көпшілік «Ұлы дала» фестивалі дегенде Павлодар облысын айтып жатады. Бұл керемет бренд болып қалды. Яғни, «Ұлы дала» дегенде Павлодар есте қалады. Сондықтан қазақ тілін дамытатын отбасының ана тілі заңдылығын жасау керек. 10 беттік кітапша жасайықшы. Бұл мәселені көтеретін де тіл жанашырлары. Өзіміз үшін еміреніп айтып, үйге барып сары уайымға салынып жатамыз. Болашақта осы мәселе кімге керек?

Сондай-ақ, ол мұндай жиынға мектеп директорлары мен орынбасарларын, қоғамдық көліктердің бастықтарын шақыру керектігін атап өтті.

- Қазақ сыныптары жабылып қалмау үшін латын әліпбиіне көшу бойынша дұрыс саясат жүргізу керек, - дейді профессор. - Жуырда бір ата-аналар «балаларды орыс сыныптарына береміз» дейді. Латын тілі емес, латын әліпбиі. Егер қазақтың әкесі мен шешесі дүниеге әкелген баласын «құлыным», «ботақаным» деп айта алмаса не болғаны? Бірде балалардан ата-анасы қалай еркелетіні туралы сұрақ қойсам, бір қазақтың баласы «кошечка, зайчик» деп айтады, дейді. Бұл жерде бала кінәлі емес. 

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов жуырда Қазақстан халқы Ассемблеясы мен жастарды, басқа да топтарды қамтитын жеті бағыттан тұратын жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

- Қазіргі таңда мазмұнын ойластырып жатырмыз. Қазақ тілі мұғалімдерін біріктіріп, жан-жақты жұмыс жасаймыз, - дейді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, Естай атындағы мәдениет сарайында жылдағы дәстүрлі тамыз конференциясында облыс әкімі Болат Бақауов бүгінде балалар қазақ тілінде сөйлеуге құлықсыз екенін айтып, ұстаздарға мемлекеттік тілді оқытудың сапасын арттыруды тапсырған болатын.

 

 

Фото: Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам