Музейдің тұсаукесер рәсімі облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен өтті. Өңір басшысы мұражай экспозициясын толтырып, павлодарлық аграрлық сала тарихын түгендеуге бір адамдай атсалысқан ардагерге алғысын білдіріп, еңбек ардагерлерін Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

- Бірінші кезекте сіздерді шын жүректен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын, - деді Болат Бақауов. – 90-жылдары ауыл шаруашылығының жай-күйі қандай болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Дегенмен, бүгінде адамдар еңбек етуде, жер өңделуде, өнім алынуда – бәрі өз орнына келе бастады. Соның бәрі Елбасының көреген саясатының арқасы.

Облыс әкімі музейге құр қол келген жоқ. Болат Бақауов ақсақалдарға тарихи маңызы бар аса құнды құжаттарды сыйға тартты. Оның ішінде 1940 жылғы Павлодар облыстық атқарушы комитетінің 1-сессиясының хаттамасы да бар. Құжатқа көктемгі егістікке әзірлік және облатком жанынан халық шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы және өзге де бөлімдерді құру туралы тарихи шешімдер енген.

Музей басшысы, Павлодар ауданының құрметті азаматы Юрий Дубовицкий атап өткендей, мұнда өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің Қазан революциясына дейінгі 1887-1917 жылдардан бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңін қосқандағы тарихы көрсетіледі.

- Музейдің басты мақсаты адамдардың жермен және оның табиғи сыйларымен байланысын көрсету болып табылады, - дейді Юрий Дубовицкий. – Музей қорында үш мыңға жуық жәдігер және түрлі құжаттардан тұратын анықтамалық материалдар бар. Экспозиция 29 стенд, 27 витрина және 15 стеллажда орналасқан.

Айта кетейік, аталмыш тарихи-мәдени нысан қаламыздың Астана, 61 мекенжайындағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында орналасқан.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: ауыл шаруашылығы, музей, Болат Бақауов, облыс әкімі, аграрлық сала, Юрий Дубовицкий