Қаламызда кәсіби жиһаз өндірісі мамандарын даярлау бастамасы «Жанбекова» ЖК директоры Самал Жанбековаға тиесілі. 2015 жылдан бері аталған бағытта жұмыс істейтін ол осы саладағы мамандар жетіспеушілігінің зардабын тартып, жұмыспен қамту орталығы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Жиһаз мектебін» ашуға бел байлады.

- Мектепті былтыр ашқаннан бері оны 94 адам бітіріп шықты, - дейді Самал Жанбекова. – Оқуды тәмамдағандардың 70%-ы жұмыспен қамтылса, енді біреулері жеке кәсіп ашуға грант алды. Даярлық кезінде қатысушылар 16 мың теңгелік шәкіртақыға ие болады.

Кәсіпкердің айтуынша, қаламызда жиһаз шығаратын кәсіпорындардың көп болуы себепті аталған саладағы мамандарға сұраныс зор.

- Павлодар – жиһаз шығарушы қала, сондықтан мұндай мамандар өте қажет, - дейді Самал Жанбекова. – «Жиһаз мектебі» бойынша жұмысымызды биыл да жалғастырмақпыз. Наурыз айында қатысушыларды жинау басталады.

Айта кетейік, қайта даярлау курстары жөніндегі сұрақтар бойынша Ак. Бектұров, 115Б мекенжайындағы жұмыспен қамту орталығына немесе 21-54-80 телефоны арқылы көмекке жүгінуге болады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселе, «Еңбек» бағдарламасы, жиһаз