Бұл туралы агенттікке ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді мәлім етті.

- Павлодар облыстық ішкі істер департаменті жедел басқару орталығының 5512 кезекшілік бөліміне жылу трассасының артында әйел адамның денесі жатқаны туралы хабарлама түскен. Дереу көмек көрсету үшін ішкі істер органдарынан кинолог, ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы әскери қамтамасыз ету взводынан аға нұсқаушы маман, сержант Ильсур Хайруллин және Арес атты қызметтік ит жұмылдырылды. Оқиға орнына жеткен сержант Ильсур Хайруллин жағдайды қарап шығып, дененің басқа жерге тасымалданғанын анықтады, - дейді Бағдат Амангелді.

Баспасөз қызметі басшысының айтуынша, сол жерде жұмыс істеген криминалистер етіктің қонышындағы иіс арқылы кинологқа бағыт берген. Нәтижесінде қызметтік ит оңтүстік бағытқа қарай әкеліп, 100 метр қашықтықтан өткеннен кейін, жол жиегіне жақын маңда қанның дақтары мен әйел адамның шашы бар тоқылған, қошқыл түсті бас киім табылған.

- Бұл туралы жедел тергеу тобына хабарлап, сол аумақта жұмыс жүргізілді. Әрі қарай Арес 100 метр өткеннен кейін  оң жаққа қарай Мир, 3 көшесіндегі «Айнар» мейрамханасына қарай орналасқан қарауылшы тұратын үйге әкелді. Тексеріс жүргізу кезінде жедел тергеу тобы қан мен күрес белгілерін анықтап, 36 жастағы күдікті В. Тумановты ұстады. Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде, - дейді Бағдат Амангелді.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz