Сондай-ақ, әр отбасының есепшотына 100 мың теңгеден қаражат аударылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ғабит Мүсірепов ауданында 120 үйді су басты. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен елді мекен – Рузаев ауылы. Табиғат апатының кесірінен 108 отбасы далада қалды.

«Рузаевтықтарға көмектесу үшін арнайы қор ашылды. Бүгінгі күні оған түскен қаражат 19 млн теңгені құрап отыр. Онымен қоса, облыстық әкімдіктен 53,5 млн теңге бөлінді. Кеше бағалаушы комиссия мүшелері мен есепшілер барлық қаражатты, шығын мөлшерін есептеп, зардап шеккендерге өтемақы төледі. Бұдан бөлек, қарапайым халықтан 9,5 млн теңгенің гуманитарлық көмегі келді. Оның ішінде киім-кешек, азық-түлік, малдарға арналған жем-азық, құрылыс материалдары және тұрмыстық техникалар бар», дейді Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі Владимир Дудов.

Баспаналы болғандардың бірі – Сералиндер отбасы. Жаңа үйге көшіп келмесе де, бақшасындағы жұмыстарды бастап кетіпті. Бұрынғы үйін жиhаздарымен қоса су шайып кеткен. Бастапқыда туыстарын жағалап күнелткен екен. Енді Сералиндерге облыс бюджеті есебінен үй мен қажетті жиһаз сатып алынды.

«Бұрынғы үйі балшықтан жасалған болатын. Ал, мына баспана кең, жылы. Моншасы да бар. Үй өзімізге ұнады. Үйрек, қаз, тауықтардың барлығы суға кетті. Енді шаруашылықты басынан бастауға тура келеді. Үй алғанымызға қуанып жатырмыз», - дейді Ғ.Мүсірепов ауданы Рузаев ауылының тұрғыны Атамбай Сералин.

Аудан басшылығының мәлімдеуінше, әр отбасына төленетін өтемақы көлемі әр түрлі. Бағалаушы комиссиясы көмек сомасын залал мөлшерін, бұрынғы үйдің жағдайын, отбасындағы адам санын ескере отырып белгілейді.

pavlodarnews.kz