Бірінші кездесуде павлодардықтар 2:1 есебімен алға шыққан еді, алайда үш шайба өткізіп алып, қолда тұрған басымдылықтан айрылып қалды. Солайша, тартыс 2:4 есебімен көкшетаулық ұжымның пайдасына аяқталды. «Ертіс» сапында Максим Беляев пен Рустем Айдаш көзге түсті.

Ал, жауапты матчта павлодарлық команда 2018 жылғы алғашқы жеңісіне жетіп, бес ойынға жалғасқан жеңіссіз сериясын тоқтатты. 3:1 есебімен аяқталған кездесуде Михаил Качулин, Денис Клемешов пен Антон Полещук мергендік танытты.

- Екі жақсы ойын болды. Қарсыластарды жеңісімен құттықтаймын. Бірінші ойында аздап сәттілік жетпеді. Екінші кездесуде көптен күткен мақсатымыз орындалып, биылғы тұңғыш жеңісімізді тойладық. Негізі, алғашқы тартыста да жеңуге болатын, алайда бірқатар олқылықтар орын алды. Жалпы, өз командама алдағы уақытта да жеңістер тілеймін, - деді «Ертіс» ХК аға бапкері Артем Зубарев.

42 ойыннан соң 63 ұпай еншілеген «Ертіс» сегізінші орында қалды. Келесі кездесу 31-қаңтар  және 1-ақпан күндері Өскеменде жергілікті «Алтай торпедоға» қарсы өтеді. Қарсыластар 40 мачта 28 ұпай жинап, тоғызыншы орынға жайғасқан.

Турнир кестесінде 40 ойында 88 ұпай жинаған былтырғы чемпион, елордалық «Номад» көш бастап тұр.

Абзал Қабдраш
Фото: arlanclub.kz

pavlodarnews.kz