Жастар бастамаларын дамыту орталығында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев үкіметтік емес ұйымдармен кездесіп, облыстық «Жасыл ел» штабының биылғы жылғы жоспарымен танысты.

Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы Наталья Нефедованың айтуынша, ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында басқарма тарапынан 69 миллион теңге бөлінген.

- Бұл сарбаздардың жалақысына, киімге, қажетті құрал-жабдықтарға, маусымның ашылуы мен жабылуына жұмсалады, - дейді Наталья Нефедова. – Айта кетейін, жасақтың жұмыстарына тек Павлодар ауданы ғана бюджет бөлмеген. Олар үшінші жыл қаражатсыз қалып отыр. Бірақ мамыр айында бюджетті нақтылау кезінде аудан қосымша қаржыландыру жасай алады. Өткен жылы біз облыстық штабпен және жергілікті шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып тығырықтан шықтық. Ол кезде «Жәукенов», «Қарлығаш» және «Жарылғапов» қожалықтары бір миллион 380 мың теңге бөліп, 80 сарбазды егістік уақытында жұмыспен қамтамасыз етті.

Сонымен қатар басқарма басшысы жасақтың қызметіне конкурстық шаралар Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімі мен Ақсу қаласының ішкі саясат бөлімінде ғана жүргізілмегенін атап өтті.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар ауданы, Жасыл ел, қоғам