Кездесу тең дәрежедегі тартыспен басталды. 6-минутта алаң қожайындарының қорғаушысы Александр Кислицын допты қақпашыға баспен қайтарамын деп қателесіп, допты қонақтар капитаны Тимур Молдиновке беріп қойды. Петропавлдық шабуылшы қақпашы Джурахон Бабахановпен бетпе-бет шығып есеп ашты – 0:1. Доп соққаннан соң қонақтар қорғанысқа ден қойып, қарымта шабуылдарға иек артты. Петропавлдықтардың арасында Тимур Молдиновтан басқа, Шота Григалашвили мен Форвард Момоду Сиссей сауатты ойын көрсетті.

«Ертіс» ойыншылары жағдайды қанша өзгертемін деп тырысса да, қарсылас қақпасының алдында мардымды қауіпті сәт ұйымдастыра алмады. 26-минутта төрешіге тіл тигізгені үшін павлодарлықтардың қорғаушысы Рафкат Аслан алаңнан қуылып, жағдайды тіптен қиындатты. Павлодарлықтар командалық ойын көрсете алмай, бір-біріне пас бергенде жиі қателесті.



Кездесуден кейін «Ертіс» клубының бас бапкері Димитар Димитров төрешілер тарапынан жіберілген әділетсіздікке баса назар аударды.
– Өкінішке орай, Қазақстанда кейде ойын нәтижесі жасыл алаңның сыртында шешіледі. Төрешінің бірінші минуттардан-ақ қандай көңіл-күйде болғаны сезілді, - деді Димитар Димитров.

- Мен осында келгелі бір-ақ ойында ғана төрешілер дұрыс қазылық етті. Ол Петропавлдағы ойында болды. Жанкүйерлер алдында кешірім сұраймын, - деп кешірім өтінді Димитар Димитров.

Матч аяқталысымен «Ертіс» ойыншылары мен жанкүйерлер арасында алаң жиегінде кездесу болғанын атап өткен лазым. Сол жерде болған әңгімеде футболсүйер қауым футболшылар неліктен жеңіске деген жігер танытпайтынына қынжылыс білдірді.

Ресми кездесулердегі соңғы жеңісін «Ертіс» 27 маусым күні Қазақстан Кубогінің жартылай финалда, «Қайратқа» қарсы қарымта ойында рәсімдеген еді. Сол ойында футболшыларымыз қосалқы құрамда ойнаған алматылықтарды 3:1 есебімен ұтқан болатын.

Премьер-лига аясындағы кезекті кездесуін «Ертіс» 22 қыркүйекте сырт алаңда шымкенттік «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Өз алаңында павлодарлықтар 30 қыркүйекте ойнайды. Қарсылас «Атырау» болмақ.

Айбек Жұматов
Фото Владимир Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: спорт, футбол, "Ертіс" ФК