Бұл туралы ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

- 23 жасқа дейінгі жеңіл атлетшілер арасындағы ел чемпионатына 12 өңірден 213 спортшы қатысты, - деді баспасөз қызметі. – Жастар жеңіл атлетиканың 5 командалық және 19 жекелей түрінен сынға түсті. Турнир қорытындысы бойынша Қарағанды және Павлодар облысының құрамалары өзгелерден оқ бойы озып шықты.

Павлодар облысының спортшылары қоржынға 14 медаль салып, командалық есепте 2-орынға қол жеткізді.

Ерлер арасында Оспан Даниял 100 және 200 метрге жүгіруден күміс медаль иегері атанды. Артем Добросмыслов 100, 200 және 400 метр қашықтықтарда қола медаль олжалады.

Ұзындыққа секіруден Никита Осинский күміс медаль тағынды.

100 метрлік эстафетада Сергей Степанковский, Артем Добросмыслов, Оспан Даниял, Никита Осинский үздік үштікке енсе, 400 метрлік эстафетада Александр Безруков, Сергей Степанковский, Артем Добросмыслов, Оспан Даниял өнер көрсеткен құрама 1-орынды жеңіп алды.

400 метрлік аралас эстафетада жарыс жолына шыққан Сергей Степанковский, Артем Добросмыслов, Александра Залюбовская, Анна Дубина жеңімпаз атанды.

Қыздар арасында жекелей сын бойынша облысымыздың спортшылары арасындағы жалғыз алтынды 800 метрге жүгіруде Александра Залюбовская алды.

Ал, Диана Гейнц биіктікке секіру мен найза лақтырудан күміс медаль иеленді.

Тағы бір қола медальды 100 метрге жүгіруден Валентина Степанковская ұтып алды.

100 метрлік эстафетада Диана Гейнц, Александра Залюбовская, Анна Дубина, Валентина Степанковская өнер көрсеткен өңір командасы мәреге 3-ші болып жетті.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жеңіл атлетика, спорт