Бұл туралы агенттікке Павлодар облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінен хабарлады.

- Ведомство қызметкерлері Железин ауданының білім беру мекемелерінде қаржылық есептілік аудитін жүргізу кезінде 2018 жылы Захаров және Аққайын мектептерінде есепші мектеп директорларына, осы мектептердің қызметкерлеріне 1,3 млн теңге негізсіз аударғанын анықтады, - деді өңірлік ІМАД қаржылық есептілік аудит бөлімінің басшысы Анар Мұратова. - Сонымен қатар, аталған мектептерде жұмыс істемейтін және есепшінің ұлдары болып табылатын екі адамға 1,3 млн теңге бюджет қаражатын аудару фактілері анықталды.

Железин ауданының білім беру бөлімінің басшысы Анара Баденованың ақпараты бойынша, Аққайын және Захаров мектептерінің бухгалтері 2018 жылғы 31 желтоқсанда өз еркімен жұмыстан кеткен. Мемлекеттік аудитпен тексеріс 2019 жылы тамызда жүргізілді.

- 2018 жылы аудан мектептері заңды тұлғалар ретінде есепшілерді өздері жұмысқа қабылдап, барлық бухгалтерияны өз бетінше жүргізді, - дейді Анара Баденова. - 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық облыс бойынша білім бөлімдеріне орталықтандырылған бухгалтерия енгізілді.

Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, Захаров және Аққайын мектептерінің директорлары өз қызметкерінің қаржы ұрлағаны туралы күдіктенбеген. Қаржылық құжаттарға қол қоймаған, себебі бухгалтерге қол қою және мөр қою құқығын берілген.

Жағдайды пайдаланып, екі мектептің директорларына, өзіне, мұғалімдерге және техперсоналға, сондай-ақ осы мектептерде ешқашан жұмыс істемеген ұлдарына негізсіз жалақы есептеген.

Мысалы, 2018 жылы есепші Аққайын мектебінің директорына, мұғалімдерге және техникалық қызметкерлерге 156 мың теңге аударған.

- Ай сайын жалақы бес мыңнан он мың теңгеге дейін өсті, - дейді Аққайын мектебінің директоры Жанарбек Мейрам. - Мектепте мұғалімнің бос орны болды.

Есепші осыны біле тұра,  тізімдемеге ұлын қосқан және оған жалақы төлеген, бірақ менің тарапынан оны жұмысқа қабылдау туралы ешқандай бұйрық болмады.

Аққайын мектебі  директорының айтуынша, бұл мектепте есепші 2017 жылдың мамыр айынан бастап жұмыс істеген.

Захаров және Аққайын негізгі мектептерінде 1-9 сыныптар аралығында 46 оқушы білім алуда, шағын орталықтарға 14 бала барады.

ІМАД ақпараты бойынша, аудит материалдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментіне жіберілген.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам