Шараны С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мен Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қарасты Әскери даңқ музейі ұйымдастырды.

Махмет Қайырбаев 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Семиярка ауылында дүниеге келген. Мектептен кейін Павлодар педагогикалық училищесінде білім алды. Ел басына күн туған кезеңде өз еркімен майданға сұранған. Ол алдымен артиллерия училищесіне жедел курсқа жіберіліп, 1943 жылы Отан қорғауға аттанады. Ол 18 жасында «Александр Невский» орденінің иегері атанды. Ал, 1944 жылдың 19 тамызында Литвадағы Шяуляй қаласын қорғауда көрсеткен ерен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Батырды еске алу кешіне әріптестері, замандас ардагерлер мен ұлы - Мұрат Қайырбаев пен туған-туыстары қатысты.

Еске алу кешінің құрметті қонақтарының бірі - Махмет Қайырбаевтың көзін көрген Павлодар облыстық білім-ғылым саласының кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева.

- Махмет ағамыз туралы естеліктерді кішкентай кезімнен бері үлкендердің аузынан естіп өстім, - дейді Гүлбарам Наурызбаева. - Сол себепті ол кісінің тұлғасы мен үшін ерекше. Дамуыма, өсуіме әсер етті деп айта аламын. Сондықтан осындай шаралар арқылы Махмет Қайырбаев сияқты тұлғаларымызды, батырларымызды құрметтеп, өскелең ұрпаққа ерліктерін, өмірбаяндарын насихаттауға міндеттіміз деп есептеймін.

Махмет Қайырбайұлы іскер басшы, еңбекқор, беделді азамат болған. Оның басшылығымен өңірде «Қазақстан алюминийі», Ақсу ферроқорытпа зауыты, Екібастұз ГРЭС зауыттарының құрылыстары жүргізілген. Ол жауапты лауазымды қызметтер атқарып, Павлодар облысының экономикасы мен шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосқан.

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Махмет Қайырбаев, жеңіс, Ерлікке тағзым