Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асайын Байханов мәлім етті.

-    Өздеріңізге белгілі болғандай, төтенше жағдайлар енгізілгеннен кейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сұранысы өсті, - деді Асайын Байханов. – 2019 жылдың наурыз айымен салыстырғанда биылғы наурызда сұраныс 3-4 есе артты. Сәйкесінше баға да өсті. 25 наурыздан кейін сұраныс төмендеді. Тұрғындардың жоспарлы сатып алулары азайды. Қысым түскеннен кейін кейбір өнімдердің бағасы да төмендеуде.

Асайын Байханов әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 19 түрі бойынша бағаға бақылау жүргізілетінін атап өтті. Қазіргі уақытта өңірдегі тұрақтандыру қорында 1 мың тоннадан астам өнім бар. 12 сәуірге дейін бұл көлемді 6800 тоннаға жеткізу жоспарланған.

-    Наурыз айында күріш, қант, макарондар, қарақұмық бойынша бағаға қысым болды, - деді Асайын Байханов. – Өйткені бұл өнімдер біздің өңірде өндірілмейді және еліміз бойынша өндірушілер аз. Бүгінде мәслихаттың шешімімен бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржыға 19 түрлі өнім сатып алынуда. 1 мың тоннасы сатып алдынды. Тағы 4800 тонна алынса, қордағымен 6800 тоннаға жетеді. Мұның бәрі бағаны тұрақтандыру үшін жұмсалады. Оның ішінде 1-сорттағы ұн, күнбағыс майы, 1-санаттағы жұмыртқа, күріш, қант, тұз, қарақұмық, макарондар, құс еті және басқа да өнімдер бар.

Спикердің айтуынша, алдағы уақытта өңірлік тұрақтандыру қорынан қант 200 теңгеден шығарылады. Бүгінге дейін 190 теңгеден шығарылған болатын.

Тұрақтандыру қорындағы өнімдер облыстағы әлеуметтік дүкендерге жеткізіледі. Павлодар облысында 196 әлеуметтік дүкен бар. Оның 40-ы Павлодар қаласында және Екібастұзда - 10, Ақсуда – 5, қалғандары аудандарда орналасқан.



Сонымен қатар, облыс орталығында сенбі сайын өтетін ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтпейтін болды. Өндірушілер енді өнімдерін әдеуметтік дүкендерге жеткізеді. Әлеуметтік дүкендердің тізімін «Павлодар» ӘКК» АҚ сайтынан көруге болады.

-    Жағдайға байланысты шектеу шаралары көбейгендіктен жәрмеңкені тоқтату туралы шешім қабылдадық. Жәрмеңкеде өндірушілердің өзінен тікелей тауарлар алынатындықтан баға да төмен болады. Біз әкімдік тарапынан өндірушілермен дүкендердің арасына алыпсатарлардың түспеуіне, еш бөгет болмауына жағдай жасаймыз, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, көктемгі егін жұмыстары қалыпты жүргізілетін болады. Егін жұмыстарын өткізуге еш бөгет жоқ. Облысымызда жұмыстардың 90 пайыздан астамы автоматтандырылған. Сондықтан адам күші көп жұмсалмайды. Биыл 1 млн 400 мың гектардан астам жерге егін егілмек.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk