Аудан бойынша қазіргі уақытта абаттандырылған 11 шағын футбол алаңы пайдаланылуда. Олардың қатары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бұқаралық спортты дамыту мақсатында салынған халықаралық стандарттарға сай жасанды жабындысы бар футбол алаңымен толықты.

Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған игі шараға облыс әкімі Болат Бақауов арнайы қатысты.

– Елбасымыздың тапсырмасы бойынша елімізде спортпен шұғылданушылардың саны 2020 жылға дейін 30%-ды құрауы керек. Біздің облыста бұл көрсеткіш қазіргі уақытта – 29,5 %. Алдағы уақытта бұқаралық спорт қарқынды дами түсетініне сенемін, - деді өңір басшысы.

Сонымен бірге, Болат Бақауов аудан әкімі Оразгелді Қайыргелдиновке спорттық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін 1 млн. теңгенің сертификатын және аяқдоп үйірмесінің табалдырығын аттаған балғындарға футбол доптарын сыйға тартты.

Шара барысында сөз алған ардагер спортшы, грек-рим күресінен спорт шебері Зейнолла Сыздықов аудан халқының атынан облыс басшысына алғыс білдіріп, балалар мен жасөспірімдерді спортпен шұғылдануға шақырды.

- Спортты серік етіңдер, балалар! Спортпен айналыссаңдар ел көресіңдер, жер көресіңдер. Өсесіңдер, өркендейсіңдер», - деді ардагер.

Аудан өнерпаздарының ән шашуымен қанаттанған футболсүйер қауым Баянауыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары мен ауыл жастарының арасындағы жолдастық кездесуге куә болды.

Еламан Қабділәшім

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz