Дуатлон Торайғыр ауылындағы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай құрылған этноауылдан басталды. Павлодар облысы мен өзге де облыстардан құралған қатысушылар бес шақырым қашықтықты жаяу жүгіріп, 25 шақырымды велосипед арқылы жүріп өтті.

- Біз барлық спортшыларды жас ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлдік, - деді аудандық спорт бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліпов. – Дуатлоншыдар 18 жасқа дейінгі, 18-39 жастағылар, 40-49 жастағылар және 50 жастан жоғарғылар болып бақ сынайды. Жастармен қатар алдыңғы аға буындағылар жүгіруге шыққаны қуантады. Бұл салауатты өмір сүру салты бәріне етене жақын екенін көрсетеді.



Дуатлоншылардың жүгіру бағыты Баянауылдың әсем тауларының жанымен өтетін Торайғыр ауылы мен Жасыбай көлі арасындағы жаңа жолға қойылды. Бірінші болып мәреге бір сағаттан аз ғана уақыт жұмсаған Руслан Шакратов жетті. Руслан мен өзге де жүлдегерлерді екібастұздық марафоншы Марат Жыланбаев марапаттады.

Танымал желаяқ 30 жыл бұрын өзі де Эльбрустағы жүгіріске Баянауылда жаттыққандығын айтты.

- Біздің елімізде көпшілік спорт түрлерін, әсіресе жүгірісті дамытуға көңіл аударыла бастағаны қуантады, - деді Марат Жыланбаев. – Жүгіріс – ең қолжетімді спорт түрі екенін ескергеніміз жөн. Ежелгі гректер: "денің сау болғанын қаласаң – жүгір" деп бекер айтпаған. Ал, таза ауада, таулардың арасында жүгіру – екі есе пайдалы және әсерлі.

Әр жас ерекшелік бойынша жеңімпаз атанғандарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табысталды.


Дулат Райымбек
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Баянауыл, спорт