Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

«Біз ауқымды жекешелендіруді жүзеге асырып жатырмыз. Тау-кен металлургия, мұнай-газ, энергетика, көлік және басқа салалардағы кәсіпорындарды сату көзделген. «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» және басқа да ірі ұлттық компанияларды ІРО-ға шығаратын боламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасының атап өтуінше, қазіргі уақытта Қазақстан тарапы шетелдік инвесторлардың сұраныстарын зерделеп жатыр. Бұл ретте түрік компанияларының әлеуеті, мүмкіншіліктері еліміз үшін де маңызды.

«Қазіргі уақытта өздеріңіз білетін дүниежүзінде болып жатқан ахуалда неше түрлі санкциялар, Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас, Еуропалық Одақ пен Ресейдің арасындағы қарым-қатынас нашарлауда. Қазір көріп отырған Түркияның Еуропамен, АҚШ-пен қарым-қатынасының арасында көп шиеленістер, келеңсіз жағдайлар бар. Екінші жағынан осыны пайдаланып, Сіздерде жоқ тауарларды Қазақстаннан әкелуге, бізде жоқты Сіздерден әкелуге мүмкіншілік бар. Екі ел арасындағы үкіметаралық комиссия, бизнес қауымдастығы жақсылап қарайтын болса, ондай тауарлардың тізімін жасауға, көбейтуге болады. Бір-бірімізге көмектесіп, сауда-саттықты арттыруға болады»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Қазақстан Президентімен кездесуге Түркия экономикасының 15 пайызын құрайтын 25 компанияның басшылары қатысты. Аталған компаниялар ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, геология және тау-кен өндіру өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларында жұмыс істейді.

pavlodarnews.kz

Тэги: