Алғашқылардың бірі болып «Гофротара зауыты» ЖШС еңбекақыны көтерді. Игі істі зауыт басшылығы техникалық қызметкерлер мен қауіпсіздік қызметінің жұмыскерлерінен бастаған.

- Егер бұрындары олардың айлық еңбекақысы 50-55 мың теңге болса, 1 қарашадан бастап 70-72 мың теңгеге көтерілді, - деді зауыттың кадр бөлімінің жетекшісі Нәзигүл Баймұханова. – Енді біз негізгі қызметкерлеріміздің, яғни өндірісте істейтіндердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеруді жоспарлап отырмыз.

Еңбекақыны көтеру ауыл шаруашылығының жұмыскерлеріне де жетті. Павлодар ауданындағы 100 адам еңбектенетін «Жаңа қала» шаруа қожалығының басшысы барлық ұжымның жалақысын бірден 30 пайызға өсірді.

- Біз өз жұмыскерлеріміздің өмір сүруге және ауылда дамуға құлшыныс танытуы үшін олардың қамын ойлауымыз керек, - деді ауыл шаруашылығы кәсіпорынының басшысы Ардақ Қажат. – Өйткені, ауыл болмаса ешқандай қала өмір сүре алмайды. Бізге жұмыскерлер қажет. Ол үшін жақсы жалақы төлеп, қызметкерлерге арналған баспана салуға тырысудамыз.

Қалааралық тасымал және қызметкерлерді тасымалдаумен айналысатын «Межгортранс» ЖШС жүргізушілердің жалақысын бірден 20 пайызға көтермек.

- Бүгінде серіктестігімізде 54 адам еңбектенеді, - дейді көлік фирмасы директорының орынбасары Юрий Глинцов. – Кәсіпорындағы ең аз жалақы 60 мың теңгені, жүргізушілердің жалақысы 150-160 мың теңгені құрайды. Жуық арада бұл көрсеткіштер көтерілетін болады.

2019 жылдың басынан ойып түсетін өткір соданы өндіретін «Каустик» АҚ да еңбекақыны көтеруді жоспарлауда. Жалақы кем дегенде 10 пайыздан жоғары көтерілі тиіс. Жұмсалатын қаржы компанияның келесі жылғы бюджетіне енгізілген.

Дулат Райымбек

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, еңбек ақы, кәсіпорын