Шара екі негізгі бөлімнен ұйымдастырылды.  Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің төрағалығымен пленарлық мәжілісте өңіріміздегі тіл саясаты мен мемлекеттік тілдің өрісін одан әрі кеңейту және насихаттау жолдары талқыланып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды.

Бұдан кейін  Естай атындағы мәдениет сарайында өткен концерттік бағдарламаға қатысқан Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов фестивальдің  жабылуымен құттықтады.

- Бұл мереке өте ерекше, - деді Асхат Оралов. - 5 қыркүйек күні ұлтымыздың рухани көсемі, тіл ғылымының негізін қалаған ғалым, публицист, ақын Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Тіл – мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, халықтың жаны мен сәні, кескін-келбеті, ұлттық болмысы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында «қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі болуы тиіс» деген міндет қойды. Мемлекеттік тілдің дамуы, өз мәртебесіне лайық орын алуы өте маңызды, мемлекеттік мәні зор мәселе. Мемлекеттік тілді қастерлеу – Қазақстанның әр азаматының парызы.

«Тіл – рухани жаңғыру тетігі» атты облыстық тілдер фестивалінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай көп жылдар бойы еңбек етіп, мемлекеттік тіл саясатына ерекше үлес қосқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен ПМПИ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рысгүл Шақаман, Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасымен «Найзатас» әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журналының редакторы Асыл Әбішев марапатталды.

Сондай-ақ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қаршыға Шаяхметов, Павлодар қаласы № 37 ЖОББ мектебінің директоры Ләйлә Жүсіпова, Кенжекөл мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айымгүл Рүстемова, «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі Алпысбай Хонж, «Энергоуправление» ЖШС қазақ тілі маманы Виктория Камалитденова және тағы басқалары өңірде тіл саясатын іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарына ие болды.

Мерекеге орай мәдениет сарайының алдында республикалық «Рухани жаңғыру» тізіміне енген «Тіл керуені», «Күн сәулесі», «Тілдік келісім», «Тілдік бранч» сияқты жобалар туралы хабар беретін бес киіз үй орнатылды. «Тіл шаһары» жобалар көрмесі мен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ақбота Сейсенбаева
 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам