Шартты атауына қарамастан, су құбыры Успен ауданына жетпей тек Павлодар ауданында орналасады. Қазір нысанда құрылыс жұмыстарымен Қаныш Сәтбаев каналының мамандары айналысуда.

Ертістен Успен ауылына су арнасын жабдықтау идеясын белгілі кеңес шаруашылығының қайраткері Яков Геринг ұсынған.

- Сол кездері жоба қолға алынғанымен соңында ол жолда қалды, - дейді Қаныш Сәтбаев каналы директорының кеңесшісі Леонид Баталов. - Өткен жылы суару құрылысын қайта құру туралы шешім қабылданды. Келесі жылы каналдың 13 шақырымын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Каналдың өнімділігі секундына 11 текше метрден астам суды құраса, маусым кезінде 40 миллион текше метрге дейін жетеді. Биыл біз 8 шақырым су арнасын тапсыруды көздеудеміз. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, 2022 жылы каналды сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

Ертіс-Успен каналын іске қосу Павлодар ауданында 10 мың гектар алқапты суаруға мүмкіндік береді. Оның 6 мыңы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бекітілген.

Каналдың қайта жаңғыртылу жұмыстарымен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов танысып қайтты. 

- Жобаға 7-8 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады,- дейді аймақ басшысы. - Сондықтан бұл инвестицияларды тиімді пайдалану маңызды. Сондай-ақ арна жұмыс істей бастағанда фермерлер дайын болу үшін екі жақты қозғалыс қажет. Барлық процестердің қатарлас жүргізілуі маңызды. Канал қайта жаңғыртылып жатқанда, фермерлер суару техникасын сатып алу және орнатумен айналысуы керек.

Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов суаруға жердің көп бөлігі берілетіндіктен, жергілікті халыққа мал жаю үшін балама жер телімін беруді тапсырды.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: