Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау басқармасының басшысы Тілектес Түсетаев мәлім етті.

- 2017 жылдың 1-қазанынан бастап, «Кедендік транзит» қолданысқа енді, - дейді басқарма басшысы. – Ал, 2018 жылдың 1-қаңтарында «Экспорт» рәсімі енгізілді. Сәуір айының басында «Астана-1» ақпараттық жүйесі қалған 15 рәсім бойынша толық жұмысын бастады. Аталған жүйе кедендік процедураларды қысқартады.  Мәселен, тауар шығару мерзімі бір күннен төрт сағатқа дейін азаяды. Өткен жылдың қазанынан «Астана-1» жүйесі арқылы 3288 кедендік транзит жүзеге асты. 800-ден астам декларация «Экспорт» арқылы өтті. Тауарлардың  95 пайызы лауазымды тұлғасыз өткізілді. Олардың басым бөлігі Қырғызстан, Қытайға кетіп жатады.

Тілектес Түсетаевтың айтуынша, кез келген тұлға мемлекеттік кірістер сайты арқылы «Астана-1» жүйесіне электронды цифрлы қолтаңба арқылы тіркеліп, өзінің тауарларын онлайн режимде 1 минутта кеденнен өткізе алады.

Бұрынғыдай көптеген құжаттарды толтырып, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ.

Абзал Қабдраш

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика, қоғам, кеден