Қазақстандық туристік қауымдастықтың президенті, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның кеңесшісі Роза Асанбаева қазіргі мақсат ЭКСПО көрмесінің мұраларын барынша қолдану екендігін атап өтті.

- ЭКСПО көрмесі ішкі туризмді дамытудың құралы балалар екенін көрсетті, - деді Роза Асанбаева. – Өйткені халықаралық көрмені көптеген балалар келіп тамашалады. «Нұр әлем» әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат. Оның ішінде ғаламда  теңдесі жоқ «болашақ энергия» музейі бар. Міне, осындай кереметтерді балалар көруі керек. Сондықтан «Көшбасшы жолы» туры бойынша балаларды әкелуге шақырамыз. Ол турдың ішіне басты павильоны да кірген. Оған қоса, аталмыш ғимаратта ашық өткізуді ұсынамыз. Жаратылстану ғылымы бағытындағы пәндерден сабақ өткізуге болады. Себебі, кабинетке қарағанда мұндай орындарда оқушылардың қабылдау қабілеттері жоғары болады.

Шара барысында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға тұрғындарды жіберу кезінде көмек көрсеткені үшін Павлодар облыстық әкімдігіне «Нұр әлем» сферасының мүсіні сыйға берілді.

Көрмеге 3200 баланы жеткізген «Саят Павлодар» және 2600 баланы алып барған «Бес жұлдыз» туристтік фирмаларына, белсенділікпен  көптеген оқушыларын аттандырған №19 мектепке естелік мүсіндер табысталды.

Облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Қанат Шәбенов елімізде өткен ЭКСПО көрмесіне өңіріміздің 120 мың тұрғыны қатысқанын атап өтті. Оның 30 мыңнан астамы - оқушылар мен студенттер.

Жиын соңында ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимараттарын тамашалауға және ашық сабақ өтуіне балаларды тарту мақсатында облыстық әкімдік пен облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ЭКСПО, білім, қоғам