Заманауи зертханада балалар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді және жүректің жиырылу жиілігін есептеп, артериялық қан қысымы мен ЭКГ-сын тіркей алады. Биылғы жылы биология кабинеттеріне баса назар аударылып отыр.

-  Кабинеттерді жаңарту жұмыстары жыл сайын жүргізіледі, - дейді білім беру секторының меңгерушісі Қуаныш Қыдыралин. – Зертхана балаларға мектеп қабырғасында медицинаның қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді. Оқушылар зертхананың  мүмкіндіктерімен   жазғы лагерьде, ғылыми мектеп қауымдастықтарында танысуда.

Білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, былтырғы жылы балалардың 50 пайыздан астамы бейіндік пән ретінде биологияны таңдаған. № 41 мектептің түлектері де медицина саласына қызығушылық танытуда. Оған жаңа цифрлық зертхананың тигізер пайдасы да зор болмақ.


 
-  Мен кардиохирург болуды амандаймын және Астанаға жоғары оқу орнына түскім келеді, - деді № 41 мектептің оқушысы Ольга Берк. – Біздің 11-сынып оқушылардың басым бөлігі медицина мамандығына түсу үшін ҰБТ-да биология пәнін таңдайды. Сондықтан осындай жаңа зертхана өте қажет.
 
Мектептегі  оқушы саны   1272  баланы құрайды. Олардың ішінде шамамен жартысы мамандандырылған кабинетте білімін жетілдірмек.

-  Біздің мектептің өзіндік ерекшеліктері бар, - дейді Валентина Сафронова. – Салауатты өмір салтын сақтайтын білім ордасында балалар биология пәнін тереңдетіліп, яғни 6 сыныптан бастап оқиды. Logger Pro бағдарламалық қамсыздандыру оқушыларға эксперименттік нәтижелерді  кесте және графика сияқты көрнекі түрде таныстыруға мүмкіндік береді.

Павлодар қаласының бюджетінен бір биологиялық кабинетті жабдықтауға үш млн теңге жұмсалған. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін қала мектептерінде тағы да 10 зертхана кабинетінің тұсауы кесіледі. Бұдан басқа, физика және химия кабинеттері де жабдықталады.

Томирис Бекжан

 Фото: Маргарита Чудакова

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани