Бұл туралы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы спорт бөлімінің бас маманы Айбек Ақылжанов мәлім етті.

- 65 келіде сынға түскен Саятбек Оқасов бірінші белдесуінде Палестина палуаны Джуда Мұсаны 11:0 есебімен жеңген болатын, - деді Айбек Ақылжанов. – Екінші белдесуде Оңтүстік Корея балуанын жеңді.

Ширек финалда Саятбек Оқасов Қытай атынан сынға түскен қазақ баласы Ерланбек Кәтеймен кездесіп қалды. Белдесудің соңы 9:5 есебімен аяқталып, павлодарлықтың пайдасына шешілді.

Қола медаль үшін таласта жерлесіміз тәжікстандық қарсыласын 5:2 есебімен тізе бүктірді.

Сонымен қатар, жүзуден сынға түскен павлодарлық Аделаида Пчелинцева 100 метрлік брасс қашықтығында алғашқы ойында жеңіліске ұшырады.

Еске салайық, 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезия астанасы Джакарта мен Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта XVIII Жазғы Азия ойындары өтеді. Байрақты бәсекеге Азияның 45 елінен ең үздік деген 11 000-ға жуық саңлақ спорттың 42 түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Ал Қазақстан құрамасы сапында 440 адам спорттың 37 түрі бойынша ел намысын қорғайды.

Оразбек Саяхат
Фото: olympic.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Саятбек Оқасов, Жазғы Азия ойындары, спорт