Меморандумға павлодарлық «RomanTour» компаниясының директоры Игорь Черных және түмендік «Контитент» ЖШҚ өкілі Александр Омельченко қол қойды. Қос тарап түмендіктер үшін Павлодар облысы бойынша, ал павлодарлықтар үшін Түмен облысы бойынша турларды енгізу туралы келісімге келді.

- Біздің компания 17 жыл бойы нарықта және осы уақыт бойы түмендіктерді Қазақстанға апарамыз, маусым ішінде екі автобустан жөнелтіп отырамыз, - деп мәлімдеді құжатқа қол қойғаннан соң Александр Омельченко. – Негізі бағыттарымыз – Ақмола облысындағы Бурабай мен Щучинск және Астана мен Қарағанды облысы. Меморандумға қол қойғаннан соң Павлодар облысы бойынша турларды әзірлейміз. Бізді аймақтың басты көрнекті жерлері мен емдік-курорттық бағыттар қызықтырады.

Петропавлда өткен форум аясында Павлодар облысының кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы мен Түмен облысының туризм және алға жылжыту агенттігі де әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Ведомстволар туризм саласындағы іскерлік байланыстырды нығайтып, экскурсиялық және көрме-жәрмеңкелік жұмыстарды күшейтуге ниетті.

Тағы бір келісімді Павлодар облысында өндірілетін тауарлар мен қызметтер орталығының директоры Дмитрий Корепанов пен ресейлік «Pro» компаниялар тобының басшысы мақұлдады. Оған сәйкес, Павлодарда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері Свердлов облысына тасымалданады. Жуық арада көкөністердің алғашқы партиясы Ресейге жеткізіледі. Болашақта біздің тарап Екатеринбургқа ет пен жармаларды жөнелтуге ынталы.

Арслан Ғалымбек

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: аймақаралық әріптестік, туризм, Қазақстан, Ресей