Павлодар облысының әкімі қой шаруашылығын дамыту мәселесін тағы да көтерді. «Айша» шаруа қожалығында Баянауыл ауданының мал шаруашылығымен кездесу кезінде Болат Бақауов екі жыл бұрын жергілікті қой өсірушілерге көмектесуге тырысқанын еске салды.

- 2017 жылы ұсақ мал өсіретін Баянауыл және Май аудандарында қой шаруашылығын қолдау бойынша арнайы өңірлік бағдарламаны іске қосуды ұсындық. - Нәтижесінде шаруалар ет өткізуге қатысты ғана көмекке мұқтаж екендерін айтты. Біз «Ақоба» ЖШС ет өңдеу зауытының басшылығымен келістік, мұнда бір келі үшін 1000 теңгеден қой етін қабылдайтын болып шешкен. Бірақ ет жеткізудің жылдық жоспарын сұрағанда мал өсірушілер өз өнімдерін тек шілде-қыркүйек айына дейін жеткізуге дайын екендерін айтты. Қандай ет өңдеу зауыты тек төрт ай жұмыс істейді? Бізге жүйелі ет дайындау қажет, ал Баянауыл қой өсірушілері тек қана жазғы туристер мен Павлодар, Екібастұз және Қарағанды базарларына бағытталған.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласы шенеуніктеріне қой шаруашылығы экономикасын зерттеуді тапсырды. Бұдан кейін барлық ақпаратты ұсақ мал өсірумен айналысатын немесе айналысуға дайын шаруаларға беруге уәде берді.

- Ұйықтамаңыздар, бүгін ұсынылып отырған бар мүмкіндіктерді пайдалану керек, - деді әкім. - Қазір субсидияланған техниканы сатып алуға болады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жылдық 4 пайызбен 15 жылға несие алуға болады. Мұндай шарттарды қашан аласыз? Сатып алынатын қой кепілдік бола алады. Қой шаруашылығын дамыту керек. Ендігі уақытта кеншілер бола алмайсыздар, темір жолға немесе құрылысқа бармайсыздар. Сіздерде тамаша жайылымдар бар, жайылымдық учаскелерге қажетті инфрақұрылым жүргізілетіндігіне сенім артуға болады. Осыны қолданып қалыңыздар.

Шаруалар Болат Бақауовқа басқа мәселе туралы айтып берді: мал бағуға дайын адамдар жетіспейді.

- Жалақыдан басқа, біз шопандарға тұру, тамақтану және басқа да жағдайларды ұсынамыз, - дейді «Айша» ШҚ басшысы Асылбек Қожин. - Дегенмен, жайылымдарда жұмыс істегісі келетіндер аз.

Соңғы жылдары Павлодар облысында қой басының өсуі байқалады. 2019 жылдың басында бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға өсті. Сонымен қатар, ұсақ мал басының 1,8%-ға өсуі осы жылдың бірінші жартысында да тіркелді. Статистика мәліметтері бойынша, бүгінде Ертіс өңірінде 630 мың қой бар.

Фото: Валерий Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам