Облыстық филармонияның бас редакторы Сәуле Мұқаеваның айтуынша, шара «Туған жер» бағдарламасы аясында өтуде.

- Біз жастарды дәстүрлі қазақ музыкасына баулу, талантты жас орындаушыларды қолдау, сондай-ақ Қазақстан мен таяу шетелдердің кәсіби музыканттарымен шығармашылық тәжірибе алмасу мақсатын алға қойдық, - деп атап өтті Сәуле Мұқаева. - Рүстембек Омаров атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі арнайы шақырылған дирижерлер ұсынған шығармаларды орындайды.

Шеруге қатысуға Алтай Республикасы Мемлекеттік оркестрінің көркемдік жетекшісі Владимир Кончев, Қырғызстаннан симфониялық оркестр мен халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Бақтыбек Тілегенов өз келісімін берді.

Іс-шараға Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижерлері Жанас Бекентұров, Ақтөбе облыстық филармониясының Жұбанов атындағы ұлттық аспаптар оркестрінен Дәурен Глымов, Алматы облысынан Әли Алпысбаев, Шығыс Қазақстан облысынан Нұрлан Төкейұлы, Батыс Қазақстан облысынан Еркін Нұрымбетов, Қостанай облысынан Назымбек Молдахметов қатысады.

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Әсем Сембина, сондай-ақ, Моңғолиядан келген халықаралық байқаулар мен фестивальдардың лауреаты Орхонбаатар Чинбат келеді деп күтілуде.

Сәуле Мұқаеваның айтуынша, музыка мерекесі 28 қазанда Павлодар музыкалық колледжінде жас музыканттарға арналған шеберлік сағатынан басталып, 29 қазанда сағат 19:00-де Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өтетін оркестрлер шеруімен аяқталады.

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет