25 қарашада «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен партияның өңірлік филиалдары өкілдерімен өткен кеңес қорытындыларын талқылау жөніндегі жиында облыстық партия ұйымының атқарған жұмыстары сөз етіліп, алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс міндеттер пысықталды.

Облыстық партия ұйымының төрағасы Болат Бақауов тәуелсіздік жылдары еліміздің алған асуларын санамалап өтті. Мәселен, 90-жылдар басында ел халқының үштен бірі кедейшілік шегінде өмір сүрсе, бүгінде бұл көрсеткіш небары 4,6% шамасында.

- Павлодар облысы да бір орында тұрған жоқ, - деді Болат Бақауов. – Биыл өңір экономикасы 1,6%-ға өсіп, 2019 жылдың қорытындылары бойынша бұл көрсеткіш 102%-ға жетеді деп жоспарлануда. Өнеркәсіптік өндіріс 1,6 триллион теңгеге өнім шығарды. Бұл былтырғыдан гөрі 1,8%-ға артық.

Сонымен бірге, облыс басшысы атап өткендей, 2019 жылы 178 шаршы метр баспана салынды. 10 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 272 отбасы пәтер кілттеріне ие болды. Келесі жылы әлеуметтік салаға 100 миллиард теңге немесе бюджеттің 50% бағытталатын болады.

Болат Бақауов сөз соңында Елбасының берген тапсырмаларын орындау аясында облыстық партия ұйымы мүшелері алдында бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде өңірлік партия филиалының төрағасы мемлекет қаржысын пайдалануға қатаң партиялық бақылау орнатып, әкімдердің партия алдында жауапкершілігін арттыру қажеттілігіне баса көңіл аударды.

Сонымен бірге, «Nur Otan» облфилиалының басшысы мәслихат депутаттары мен жалпы партия мүшелерінің белсенділікті арттырып, халықпен жұмыс істеу керектігін қадап айтты.

- Осы орайда Ақсу қаласының әкімі мен партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына Қалқаман ауылында салынған баспананың сапасын тексеруді тапсырамын, - деді Болат Бақауов. – Облыста жаңадан салынған барлық нысандарға қатаң бақылау орнату керек. Мысалы, Галицкое ауылында жеті миллион теңгеге салынған үйдің құрылысына бюджет қаражатынан 30 миллион теңге жұмсаймыз. Мұндайды болдырмау керек.

Сөз соңында Болат Бақауов партияда халықпен жұмыс істегісі келмейтін, өңір дамуына үлес қосуға құлықсыз кездейсоқ адамдар болмауы қажеттілігін ескертті.

Отырыс кезінде «Nur Otan» партиясының мүшелерінің өзге де баяндамалары тыңдалды. Одан бөлек, Тұңғыш Президент күніне орай партия қатарына жаңа мүшелер қабылданды.

Айталық, осы күні облыстық партия ұйымының төрағасының қолынан партия билеттері «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұмабек Сманов, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Айбек Аубанов, облыстық шешен-ингуш этно-мәдени орталығының басшысы Джабраил Бачалов, «Айша» ШҚ басшысы Асылбек Қожин, Луганск мектебінің мұғалімі Ғазиза Рысбекқызы және өзге де тұлғаларға табысталды.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Nur Otan, Нұр Отан, Болат Бақауов, партия, депутаттар, бақылау, мүше