Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бапсасөз жиынында Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов жыл қорытындысын және алдағы жоспарын айтты.

- Ауданымыз әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі барлық көрсеткіштер бойынша алға жылжып келеді, - деді Әзілхан Әбеуов. – Биыл негізгі капиталға 5 миллиард 177 миллион теңге инвестиция құйылды. Жеке инвестициялардың тартылуымен «Победа» ЖШС 600 гектар суармалы алқабын енгізу, 3 темір жолдың аяқталар тұсын және 3 мың бас малға бордақылау алаңын салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ «Царская каша» брендімен қарақұмық жармасын өңдеу цехы іске қосылды.

Спикердің айтуынша, Александровка, Жаңа ауыл, Шалдай, Алексеевка, Орловка ауылдарына су құбырлары тартылып, 15,7 мың адам немесе аудан халқының 80 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Оған қоса, ауданда 1 млрд 538 млн теңгеге 47,8 шақырым жол жөнделген.

Сонымен қатар, Әзілхан Әбеуов Шарбақты ауылында 300 орынды стадион салынатынын атап өтті. Стадионда футбол және хоккей алаңы, жүгіруге арналған жолақ пен жаттығу құралдары орналасады.

- Алдағы жылға жоспарға сәйкес, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орналасқан Ғабдул-Уахит хазіреттің кесенесіне электр желісі тартылады, - деді аудан әкімі. – Есілбай, Шегірен, Красиловка ауылдарында су құбырлары салынады. Есілбай ауылында мәдениет үйі бой көтереді. Шарбақты-Галкин-Мақпал бағыты бойынша 30 шақырым жолға орташа жөндеу жасалады.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Шарбақты, аудан, экономика