- 30-сәуір күні Наурыз мейрамын тойлауды аяқтаймыз, - деді қала әкімі. – Шығыс халқы көктемнің келуін бір ай бойы мерекелейтіні белгілі. Ал, 1 Мамырда Қазақстан халқы Бірлігі күнін атап өтеміз. Бұл мерекелер орталық көшелерде, Ертіс жағалауында, Гагарин саябағы мен ипподромда ауқымды түрде аталып өтеді.

Киіз үйлерді ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар, облыстық департаменттер және жергілікті атқарушы органдар тігеді.

Нұржан Әшімбетов павлодарлықтардың барлығын киіз үйлерге сыйдыру мүмкін емес екенін атап өтті. Бірінші кезекте кәсіпорын басшылығы өздерінің ардагерлері мен құрметті қызметкерлерін қабылдауы тиіс. Ал, киіз үйлердің жанында қала тұрғындары үшін түрлі ас қойылған дастархандар жайылады.

Гагарин саябағында қалалық әкімдік құрылымдары бес киіз үй тұрғызады. Павлодарлықтарға дәм таттыру мектеп директорларына жүктелді. Әрбір оқу орны палау мен бауырсақ, наурыз көже қойылған үстелдер ұйымдастыруы керек.

Томирис Бекжан

pavlodarnews.kz