Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қоғамдық денсаулық сақтау департаменті  басшысының  міндетін атқарушы Зәмзагүл Досжанова айтты.

- Биыл  сектораралық әрекеттестік пен атқарылған жұмыс нәтижесінде  оң нәтижеге қол жеткізілді, - деді ол. –  Бүгінгі таңда білім беру нысандарында 76,5 пайыз және әлеуметтік нысандарға 33 пайыз фортификацияланған ұн пайдаланылады. Облыста барлығы 18 ұн тартатын кәсіпорын бар. Оның  жетеуі ұнды байытумен айналысады. Сондай-ақ ұнды байыту дозаторлары екі кәсіпорында орнатылған. Қалғандары өнімді премиксі бар қаптамамен шығарады. Бұл бағыттағы жұмыс сауда және қоғамдық тамақтану орындарында жалғасын табады және тұрғындардың арасында  түсіндіру жұмысы жүргізіледі.

Зәмзагүл Досжанова темір тапшылығы ауруының алдын алуда фортификацияланған ұн пайдалану маңызды екенін атап өтті.

Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өңірде қан аздығы ауруына шалдыққандар саны  артқан. Мәселен, 2016 жылы мұндай науқастар саны 5367 болса, 2017 жылы 6074-ге жеткен. Әсіресе, әйелдер арасында 1041 жағдайға көбейіп, 2872-ні құраған (2016 жылы – 1832 оқиға).

Бүгінгі күні Ақтоғай, Железин, Успен, Лебяжі аудандары мен Ақсу қаласы  балалар мен жасөспірімдер арасында темір тапшылығы  бойынша бірнеше жыл қатарынан көш бастап тұр.

-  Азық-түлік қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында департамент фортифицикацяланған ұнның 23 сынамасын алды, - деді спикер. - Оның ішінде 23-і отандық, екеуі - ресейлік өндірушілер. Нақтырақ айтсақ, «Сұлтан-элеватор-ұн тарту-макарон кешені»  АҚ,  «Группа Интер», «Концерн «ЦеснаАстық»,  «Торговый дом Богатырский продукт»,  «Северный Казахстан», Шымкент қаласының «GrainHouse – 555» ЖШС, РФ-ның  «МАКҒА»  АҚ бар.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев емдеу, білім беру және әлеуметтік нысандарда  аталған  көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізуді тапсырды.

-   Фортификацияланған ұн тұтынатын нысандардың тізімін БАҚ-та және басқарма сайтында жариялау қажет, - деді облыс әкімінің орынбасары. -  Темір тапшылығы ауруы бойынша алдыңғы қатарда тұрған аудандар бақылауға алынуы тиіс. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан   бірініші және жоғары сұрыпты ұн өндіру бойынша атқарылған жұмыс жөнінде ресми түрде жеке хатпен жауап беруді сұраймын.  

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: экономика