Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Төлегенова  өңірде ВИЧ жұқпасының таралуымен күресу мақсатында жұмыс істейтін аутрич мамандардың саны жеткіліксіз екенін айтады.

-  Жұмыспен қамту бөлімінің тәртібіне сәйкес аутрич-жұмыскерлерді тек алты ай мерзімге ғана алады, - дейді Салтанат Төлегенова. –  Жарты жылдан кейін оларды басқа адамдар алмастырады. Әлбетте, мамандарды қайта таңдау және оқыту бойынша қиындықтар туындайды. Сондықтан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы қосымша Павлодар қаласына 50, Ақсу мен Екібастұзға 20 орын бөлген дұрыс. Сондай-ақ,  келісімшарт мерзімін 12 айға дейін ұзарту керек.

Өткен жылы халықтың әлсіз тобымен жұмыс істеу мақсатында 32 аутрич-жұмыскер жұмылдырылған. СПИД орталығына жаһандану қоры арқылы қосымша 43 адам  және үкіметтік емес ұйымдардың жанында 25 адам   бөлінген.

Өңірде 1996 жылы бір ғана адам ВИЧ (АИВ) дертіне шалдыққан болса, қазіргі таңда олардың саны 2753-ке жеткен.

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында халық қалаулылары қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға өзгеріс енгізуді ұсынды.

- Жарты жыл сайын адам ауысып отыратыны дұрыс емес, - деді депутаттар.  – Көше сыпыратындардың санын 10 адамға дейін азайтсақ та, мұндай жұмысшылардың санын арттыру керек. Әрине, бұл әсерлеп айту. Дегенмен, бұл әлеуметтік маңызды мәселе. Нәтижесінде науқастарға нақты көмек көрсететін  адамдар болады. Сондықтан бұл мәселеге аудандар мен қалалардың әкімдеріне жұмыспен қамту бөлімдерімен бірге назар аудару қажет.

Айта кетейік, аутрич-жұмыскердің міндеті – ВИЧ (АИВ) таралуын төмендету бойынша ақпарат ұсыну, есірткі қолданудың алдын алуға көмектесу. Шприцтер мен бір реттік тұтынатын залалсыздандыру құралдарының қолжетімдігін қамтамасыз ету. Себебі, бұл қан арқылы аурудың таралуын төмендетеді.

 Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, дәрігер, ВИЧ, Павлодар облысы