Инвестициялар және жолдар

Аймақ басшысының өз қызметіндегі алғашқы жүз күні артта қалды. Осы қысқа ғана мерзімде облыс әкімі не тындырып үлгерді және келешекке қандай бағыттар ұстанып отыр? Әрине, облыс басшысы үшін бұл алғашқы жүз күн өте қауырт өткеніне шүбәміз жоқ. Болат Бақауов бұл уақыт ішінде өңір алдында тұрған проблемалармен терең танысып үлгерді деген ойдамыз. Осы күнге дейін ол барлық қалалар мен аудандарды аралап, сапар қорытындылары бойынша барша аудан-қала басшыларының есептерін тыңдады.

Бұл жерде әрбір қала мен ауданның кешенді даму жоспарын құру көзделді. Оның нәтижесінде тағы бір міндет – облыстық басқармалардың әкімдіктермен ынтымақтастығы да өзінен өзі шешіліп сала берді. Ал әкімдіктердің алдына қалалар мен аудандарды дамыту бойынша нақты тапсырмалар қойылды. Яғни, жергілікті жерлерге инвестициялар тарту, облыстық бюджетке түсетін салмақты айтарлықтай жеңілдету, әзірге коммуналдық меншікте тұрған нысандарды заңдастыру және бюджеттің қазіргі күні басымдыққа ие емес шығындарын оңтайландыру туралы міндеттер жүктелді. Әлемдік экономиканың тұрақсызданып, бюджет кірістері азайып жатқан тұста бұл жол айрықша тиімділігімен танылып отырғаны тағы анық.

Айтпақшы, біздің кейбір әріптестеріміз кемі әр үш күн сайын облыстың өңірлеріне сапар ұйымдастырып, барған жерінде сандаған нысандарды аралайтын облыс әкімінің қимылына ілесе алмай жатырмыз деп шағымданғаны бар еді. Болат Бақауов өз сапарларының бірінде тіпті аймағымыздың ең алыс жатқан елді мекендеріндегі тірлікті журналистер өз көзімен көрсе екен деген тілегін жеткізген. Біздің құрметті әріптестеріміз өңірлерге шыққанда нені көріп, қандай жағдайды түйгені беймәлім. Десе де, бірқатар ауданда сапасыз жолдардың мәселесі көп екенін біліп қайттық (әсіресе Железин ауданында).

Айрықшалап айтатын тұс, әлемді жайлаған дағдарыс жағдайындағы келеңсіз тенденцияларға қарамастан, біздің индустриялық аймағымыз даму үрдісін жалғастыруда. Бұған қоса, облыс әкімдігі жағымсыз экономикалық үрдістердің алдын алып қана қоймай, алға басу үшін өңірдегі ірі кәсіпорындарға, шағын және орта бизнеске нақты көмек көрсету жөнінде міндеттер қойып отыр.

Болат Бақауов қала әкімі қызметіндегі секілді өңір экономикасына инвестиция-
лар тартуға зор назар аударуда. Оның тапсырмасы бойынша инвестиция тарту үшін Павлодар облысындағы жұмыс істеп тұрған әрі жетістіктерге қол жеткізген кәсіпорындарға қоса, тоқтап тұрған немесе банкроттық жағдайдағы кәсіпорындардың құжаттары әзірлене бастады. Ертістің Павлодар өңірінде бұдан басқа, қазір қаланың негізгі жүйесін құрайтын ондаған шағын және орта кәсіпорындар құру үшін белсенді түрде жұмыс жүргізу қолға алынды.

Аймақ басшысы әкімдердің еңбегін оның экономикаға қанша инвестиция тарта алғандығымен бағалайтынын әлденеше рет айтқан болатын. Өйткені  дәл қазіргідей қиын кезеңде облыс экономикасының құлдырамауына, керісінше оның одан әрі дамуына серпін беретін дәл осы инвес-тиция екені - белгілі жайт.

Облыс бюджетін сөз етер болсақ, биылғы жылы аймағымызда күрделі жағдай туындады, сол себептен бұған дейін жоспарланған шығыстардың біразын алып тастауға тура келеді. Бұл ретте аймақ басшысының тапсырмасы көп мәселені қамтыды, айталық, ең бастысы қалалар мен аудандар әкімдері бюджетті сапалы түрде жоспарлап, үнемдеуге басымдық беру, мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау, тиімді пайдалану, әрине, бұған қоса бюджетті сапалы әрі толыққанды орындау міндет болып саналады. Облыс әкімдігінде бұған дейін болмаған қадам - комиссияда қала немесе ауданның бюджетіндегі әрбір сан үшін әр әкім есеп беруі қарастырылды. Үшжылдық бюджетті қорғау жүріп жатыр, бұл жергілікті атқарушы органдарға бюджеттің әр тиынын мақсатты және тиімді пайдалану қажеттігін көрсетеді. Бір атап өтерлігі, осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық бюджет дұрыс жоспарланбауынан туындаған қиындықтан шығудың сәті түсті. Ол кезде кіріс бөлік 21 миллиард теңгеге асыра көрсетіліп, нәтижесінде осыншама қаржы көлемінде біздің аймақ республикалық жәрдем қаржыны ала алмаған-ды.

 Істің мәні тереңде

Болат Бақауов сандарға айрықша ұқыптылықпен қарайды, кез келген бас қосуда әрбір  көрсеткіштің нәтижесі төмен болса, дереу түсініктеме талап етіледі. Бұл - облыс әкімдігіне Астананың қойып отырған міндеті, сондықтан бұл тұрғыда әкімнің өз бағыныштыларынан талап етуі орынды.  Егер сандарға назар аударатын болсақ, бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша өндірістік салада нақты жетістіктер баршылық. Үстіміздегі жылдың қаңтар–мамыр айларында өнеркәсіп өндірісі 515,6 миллиард теңгені құрады, бұл жалпы көрсеткіштің 98 пайызы, ал республика бойынша бұл көрсеткіш 97,8 пайызды құрайды.

Тау-кен өндірісі бойынша 56 миллиард теңгенің өнімі өндірілді, бұл - өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 116,6 пайыз. Ал металл кенін өндіруден жалпы көрсеткіш тіпті 353 пайызға, түрлі түсті металл өндіру көрсеткіші 477 пайызға өсті. Өңірдің бірқатар саласында жоғары көрсеткіштер байқалады. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп тауарының мөлшері біршама артып, физикалық көлем индексі 123,6 пайызды құрап отыр. Қағаз өндірісі бірден 44 пайызға, металлургия саласы 2,5 пайызға, асыл және түсті металдар өндірісі 3,8 пайызға өскен. Металл құю 8,5 пайызға, дайын металл бұйымдары өндірісі 16 пайызға, резеңке және пластмасса өнімдері өндірісі 31,7 пайызға артқан. Жалпы, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Павлодар облысында 31 жоба іске асуда. Бұл мақсатқа 1,24 триллион теңге қаражат қарастырылған. Жобалар сәтті жүзеге асқан жағдайда жаңадан 6885 жұмыс орны ашылмақ. Биыл 7 жоба қолданысқа беріледі деп күтілуде. Қазірдің өзінде 2 өндіріс орны ашылып, 120 азамат жұмыспен қамтылған.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ахуал қалай? Өңірде бұл саланы дамыту тиімді болғандықтан, бар басымдық осы бағытқа бағытталған. Аз уақыттың ішінде облыс әкімі Ертіс және Железин аудандарында ауыл шаруашылығы тауары өндірушілерінің қатысуымен үлкен жиын өткізді. Онда бірқатар мәселе талқыға түсті. Аймақ басшысы шағын шаруашылықтардың кооператив құруы маңызды екенін айқындады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орындары басшылығына ірі шаруа қожалықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатуды тапсырды. Суармалы алқап көлемін арттыру да назардан тыс қалмады.

Облыс әкімі өңірде әлі күнге дейін пайдаланылмай бос жатқан жерлердің көп екендігін сынға алды. Бұл ретте, Болат Бақауов шаруашылықтарға субсидияның уақытылы төлену мәселесін көтерген әкімдердің бірі екенін атап өткен жөн. Аймақ басшысы бұл іске жауапты мамандарға шаруаларға демеуқаржыны уақытында төлеуді тапсырған болатын.

Белгілі болғандай, облыста білікті мамандардың тапшылығы байқалуда. Әсіресе, ауылдық жерде тұрғын үймен қамтылмаған жас мамандардың тұрақтауы қиын. Бұл бағытта да жүйелі жұмыстар қолға алынған.

 Құрылыс тоқтамайды

Экономикалық қиындықтарға қарамастан, облыста құрылыс бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұл ретте ауқымды мақсаттар қойылып отыр. Биыл 98,1 мың шаршы метр баспана тұрғызу керек, дегенмен облыс әкімдігі бұл жоспардың көлемін 165 мың шаршы метрге арттырып отыр. Осылайша, маусым айының басында 38,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық. Биыл қаңтар-сәуір айларында құрылыс жұмыстары мен қызмет көрсету көлемі 26,3 миллиард теңгені құрады. Бүгінде тұрғын үй құрылысына 4470,9 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде «Сарыарқа» тұрғын үй кешенінің құрылысына 2 232,3 млн. теңге бағытталған. Бұл үйлердің жалпы аумағы 33,6 мың шаршы метрді құрайды. Яғни, 475 пәтер деген сөз. Былтыр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тарапынан Болат Бақауовтың атына  бірқатар сын-ескертпелер түскен болатын. Бұл ретте, «Алюминстрой» шағын ауданының тұрғындары мен пәтер кезегінде тұрғандар жаңа шағын ауданның құрылыс жұмыстары ұзаққа созылғанын айтқан еді. Бүгінде бұл жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз.

Болат Бақауовтың бақылауындағы тағы бір құрылыс жобасы - Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелі. Болат Жұмабекұлы өңір басшысы болып тағайындалғанда құрылысшылар көпірдің орталық аркасын қосқан болатын. Бұл ретте облыс әкімі  аталмыш көпір өткелі құрылысын өз бақылауында ұстады десе болады. 

Жергілікті және республикалық баспасөз өкілдері Болат Бақауовтың  Павлодар облысы әкімі қызметіне кірісе сала «Қазқонақ» ескерткішін қолға алғанын айтқан болатын. Табиғи ескерткіштің қалпына келтірілетіні туралы нақты айту әзірге тым ерте екені сөзсіз. Дегенмен аталмыш аумақта жол төселіп, қоршау салынды.

Бұдан бөлек, Болат Бақауов саябақтар мен облыс орталығын көгалдандыруға ерекше көңіл бөлуде. Аймақ басшысының тікелей қатысуымен Павлодарда Гагарин саябағы ашылып, Ак. Бектұров көшесіндегі саябақ ретке келтірілді. Бүгінде «Ақ Отау» мейрамханасының жанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Ворушин саябағы қалпына келтірілуде. Соңғы рет Павлодарда жеке капитал есебінен қашан осындай ауқымды жұмыс атқарылғаны есімде жоқ.

Алда – ауқымды жұмыстар

Аймақ басшысы алдағы уақытта өңірдің дамуы үшін өз командасымен бірлесіп нендей жұмыстарды қолға алмақ? Бірден айта кету керек, ол осы қызметке алғаш кіріскен сәттен бастап  жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелердің түйінін тарқату үшін барлық мүмкіндікті қарастыратынын айтқан болатын. Ал біздің аймақтың дамуы үшін шешімін күтіп тұрған мәселелер аз емес. Жақын арада шешілуге тиіс сондай 20 шақты құжаттың нұсқасы жасалған. Бүгінде бұл мәселелер

Үкіметтің, жекелеген министрліктердің қарауына ұсынылып, оның 18-і қолдау тапқан. Сонымен, енді не істелінуі керек? Өндірісті өңіріміздегі өнеркәсіп саласы көрсеткіштерінің төмендеуіне, ірі кәсіпорындар жұмысының ақсауына жол бермей, осы бағыттағы іс-шараларды ширатқан жөн. Сондай-ақ, елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесіне бағытталған жобаларды республикалық қазынадан қаржыландыру қажет. Сонымен қатар, Үкімет жылумен және сумен қамту нысандарын тұрғызуға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржы бөлуді қолдады. Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қаржыландыру мөлшерін ұлғайту мүмкіндігі де қарастырылуда.

200 орынға шақталған облыстық онкологиялық диспансер мен 100 адамға арналған емхананың құрылысын жеделдету мәселесі бақылауға алынды. Екібастұздағы мамандарды даярлау орталығы құрылысын соңына жеткізуге де көмек қолын созатын болады. Ақсудағы жылу қазандығы құрылысының жобасы да қарастырыла бастады. Өңір үшін маңызы аса зор бұдан да басқа мәселелер жетерлік, енді оларды шешуге Үкімет көмектеседі.

Көріп отырғанымыздай, Болат Бақауов облыс әкімі лауазымындағы алғашқы жүз күнінде айтарлық нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Ең бастысы, әкімнің облыстың дамуына байланысты өзіндік болжамының бары және экономикалық қиындықтарға қарамастан, павлодарлықтардың тұрмысын қазіргіден де жақсарта түсуге деген ынта-ықыласының мол екені байқалады.


Владимир Гегер

Суретті түсірген - Владимир Бугаев

"Сарыарқа самалы" газеті

pavlodarnews.kz