ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты – қазақстандықтардың тіл мәдениетін дамыту және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттау.

Өнер бәсекесінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жолдауымен Павлодар қаласы Құрманғазы атындағы №1 балалар музыка мектебінің оқытушысы, дәстүрлі әнші, термеші Салтанат Қисатова өңіріміздің намысын қорғады.

Қайыпназар Әйтпеновтің «Мұсылман болам десең» термесін орындаған жерлесіміз 3-орынға қол жеткізді.

- Бұл байқауға 3-рет қатысып отырмын, - деді Салтанат Қисатова. – Биыл кілең жас өнерпаздар бақ сынады. Сол жастықтың жалынымен сайыс жоғары деңгейде өтті. Байқау шарты бойынша Жастар жылына орай жастарға насихат болатындай, тәрбиелік мәні бар бір терме орындау керек болды. «Мұсылман болам десең» термесінде біршама өсиет айтылады.

Айта кетейік, «Текті сөздің төресі – терме» атты жыршы-термешілердің республикалық байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 13 термеші қатысты. Қатысушылардың өнеріне халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, терме, термеші, байқау, өнер, мәдениет