Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Павлодар облыстық филиалының маркетологі Айнұр Ғабдрахымова агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтты.

- «Қазпошта» АҚ орталық аппаратынан Павлодар облысына «Нива-21214» маркалы 20 жаңа көлік келген болатын. Соның бесеуінің кілті Ақсу қаласы мен Май, Качир, Ертіс және Лебяжі аудандық бөлімшелерінің басшыларына табысталды. Қалған темір тұлпарлар да алдағы уақытта аудандарға бөлінеді. Бұл автокөліктердің бір ерекшелігі - GPS навигаторы орнатылуында. Енді бұл көліктерді ешкім жеке басына пайдалана алмайды. Аталған құрылғылар арқылы қай ауылда, қандай жұмыс тындырып жүр дегенді бақылап отырамыз. Сонымен қатар, кейбір аудан тұрғындары газет-журналдар уақытында келмейді деп шағымданып жатады. Енді ондай кемшіліктерге де жол берілмейді, - дейді Айнұр Ғабдрахымова.

Айта кетейік, аталған аудандардағы пошта ғимараттарына да биыл жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында тұтынушылардың уақыты үнемделіп, пошташылардың жұмысы жеңілдеген.

- Жаңғырту жұмыстарынан кейін әр бөлімшеде жаңадан үш зал ашылды. Оның біріншісі – заңды тұлғаларға, екіншісі – жеке тұлғаларға қызмет көрсетсе, үшіншісіне сәлемдемелер супермаркеті орналасқан. Бұдан былай пошта операторларының жұмыс сапасын Астанадағы ситуациялық орталық бақылап отырады. Алдағы уақытта Павлодар облысына қарасты барлық аудандық бөлімшелер осындай жүйеге көшіріледі, - дейді маркетолог.

Тілеуберді Сахаба

pavlodarnews.kz