Бүгін №96 балабақшада ата-аналар мен мектепке дейін білім беру мекемелерінің жетекшілері, педиатр дәрігері және білім беру бөлімінің өкілі қатысқан конференция өтті.

Кездесу барысында балабақшадағы балаларды тамақтандыру жайлы толық мәлімет айтылды.   

- Бүгінгі таңда ата-аналардың арасында балабақшадағы мәзірге көңілі толмайтындар бар екені құпия емес, - деді білім беру бөлімінің мектепке дейінгі мекемелер секторының меңгерушісі Бақыт Қырықбесова. – Сондықтан да мұндай кездесулердің барысында оларға барлығын түсіндіріп беру мақсатында жиналып отырмыз. Біз жеткізушінің тауарын балабақшаға дейін жетіп, бүлдіршіндердің алдына тағам ретінде дайындалған уақытына дейін қадағалап отырамыз. Мәзір 10 күнге алдын-ала жасалып қойылады. Оны мекеме жетекшілері мен диетолог медбикесі мұқият саралап шығады. Себебі, бала дұрыс жетіліп, өсуіне күніне тиесілі ақуыз, көмірсулар мен майлардың мөлшерін бойына сіңіру керек. Балалардың алдына қойылатын әр тағамның дәмін ең алдымен диетолог медбике көреді.

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, балабақшаларда тәрбиеленушілер төрт рет тамақтанады. Сонымен қатар жазғы уақытта мәзірге екінші таңғы ас қосылады.

- Кейбір ата-аналар балаларының балабақша тамағын ұнатпайтынын алға тартады, - деді Бақыт Қырықбесова. – Десе де, бұл балабақшаның кінәсі емес, себебі бала ботқа,  қырыққабат пен сүт тағамдарын үйде жеп үйрену керек. Бұл дәрумендерге толы тағамдар. Қазір үш пен жеті жас аралығындағы балалардың ағзасы бұл дәрумендерді сіңіруге тез бейімді. Балық, жұмыртқа, ірімшік пен сүзбені балалар күнделікті жеу керек. Бірақ оның өзінің мөлшері болады.

Мамандардың сөзінше, балабақшаларда торт, саңырауқұлақтар, ащы тұздық пен қуырылған тағамдарға шектеу қойылған.

- Балабақшаларда тағамның 140 түрі әзірленеді, - деді №14 балабақша меңгерушісі Гүлнар Жұмабекова. – Олардың ішінде 17-сі балықтан жасалған, 16-сы сүзбеден, 26 салат түрі, 20 түрлі кеспе мен 28 екінші тағам түрі бар. Ата-аналарды мәзірдегі өзгерістер толғандырып отырады. Мысалы, таңертең мәзірде алма болды. Тауар жеткізуші бізге сол күні банан әкелді. Сондықтан да біз алманы  пісіп тұрған бананға ауыстырып, келесі күні алма береміз.

 

Өз кезегінде ата-аналар көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, нақты жауаптар алды. Олардың көбі мәзірде ет тағамдары көбірек болса деген ұсыныстарын жасады. 

Жалпы Павлодар қаласында 72 мелекеттік, 21 шағын орталық пен жеті жекеменшік балабақша бар.

 

Назым Қарабаева

Фото:автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, балабақша