Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған журналистермен баспасөз-ланчі кезінде «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Перфилов мәлім етті.

- Біз толықтай «ақылды» үй салып жатырмыз, - деді бас директор. – Әр пәтерге ыстық, суық су мен жылуды есептейтін құрылғылар қойылады. Жылу батареяларында арнайы реттегіштер және суды салқындататын климат жүйесі орнатылады. Күннің ыстық кезінде жүйе бойынша өтетін салықын су бөлмінң ауасын салқындатады. Осылайша пәтерге кондиционер орнату қажеті болмайды. Бұған қоса, тіпті осы үйлерде кондиционерлерді орнатуға тыйым салынатын болады. Себебі, үйдің өзінің салқындату жүйесі болады.

Олег Перфиловтың айтуынша, көпқабатты үйдің құрылысына компания 1,5 миллиард теңге жұмсаған. Сонымен қатар, 200 миллион теңге жер асты паркингке құрылғы алуға кетті. Сметалық жобаға сәйкес пәтердің бір шаршы метрі 167 мың теңге көлемінде болады. Компания мамандарына 25 пайыздық жеңілдік беріледі. Осылайша олар үшін шаршы метрі 130 теңгені құрайды.

Пәтерлердің ауданы 52,4 және 63,9 шаршы метр құрайтын 96 пәтер болады.

- Баспананы 25 пайыздық жеңілдікпен алатын мамандарға шарттарымыз бар, - деді Олег Перфилов. – Ең алдымен қызметкердің жасы 45 –тен аспауы керек. Жұмыскер компанияда он жыл еңбек етіп, осы уақыт аралығында пәтерді сатпауы тиіс.

Айта кету керек, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ салып жатқан тоғыз қабатты үй өңірдегі ең алғашқы «ақылды» үй болып саналады. Аталмыш үйден баспаналы болуға 400-ден аса адам ниет білдірген.

 

Фариза Қазыбекқызы

Фото: ПАВЛОДАРЭНЕРГО

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Павлодар облысы