Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күмісай Асайынова сәуір айында басталған стритбол алаңдарын салу жұмысы 10 маусымға дейін аяқталатынын атап өтті.

- Сәуір айының ортасынан 56 стритбол алаңын салу жұмыстары басталды, - деді Күмісай Асайынова. – Салынатын мекенжайлар белгіленді. Барлық жерде жұмыс жүріп жатыр. Бүгін 3 мекенжай бойынша ашылу өтуде. Жұмысты бастағанда кәсіби баскетболшыларды, мердігерлерді шақырып ақылдастық. Баскетболшылар алаң көлемін, тақта қандай заттан болу керектігін айтып берді. Балаларға ыңғайлы болу үшін жағдай жасадық.

56 алаңды салуға 123 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгін 1 мамыр көшесі, 286, 288-ші үйдің және Естай көшесі, 99 үй ауласында жаңа алаңдардың ашылуы болды.

Сондай-ақ бөлім басшысы қазіргі уақытта тұрғындардан алаңдарды салу жұмысы басталып, тоқтап қалғаны жөнінде көп шағым келіп түсіп жатқанына тоқталды.

- Жалпы, алаңның асфальтін төсеп, құрылғыларын орнату жылдам жасалады, - деді Күмісай Асайынова. – Ал, асфальттің үстіне төселетін жұмсақ жамылғы құрғақ кезде салынуы тиіс. Егер 2 күн ішінде жаңбыр жауатын болса, оны төсеуге болмайды. Сондықтан оған алаңдайтын еш себеп жоқ. Мердігерлер қайта айналып келіп алаңның жамылғысын төсеп. жұмысты соңына дейін жеткізеді.

Жаңа алаңдар салынып біткеннен кейін 10 маусымда стритболдан аулалар арасындағы қалалық лига басталады.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 57 стритбол алаңы бар. Олардың жартысы ескіріп, тозығы жеткен.

- Ескірген алаңдардың орынына жаңасын салып жатырмыз, - деді бөлім басшысы. – Соңғы 3 жылда стритбол алаңдарына деген сұраныс артты. Балалардың қызығушылығы оянып келеді. 56 жаңа алаңды қосқанда қаламыздағы мұндай алаңдар 80-ге жуықтайды. Осымен сұранысты орындаймыз. Бұл жолғы қаражаттан 5,8 миллион теңге үнемделді. Оған қалаға қарасты ауылдық жерлерде алаң салу жоспарлануда.

Айта кетейік, биыл стритболмен қатар, шаһарда 23 шағын футбол алаңы мен 23 ойын алаңы салынатын болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, стритбол, алаң, спорт