Ақын, сатирик, публицист, қоғам қайраткері Сәбит Дөнентаевқа арналған кешті С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Кітап. Тұлға. Оқырман» жобасын іске асыру аясында Ақсу қалалық кітапханасы ұйымдастырды.

Шара барысында өңірімізден шыққан көрнекті тұлғаның еңбектерінен «Көркем сөз иесі» атты кітап көрмесі қойылды.

Ақсу қалалық мәслихат хатшысы Мәдениет Омарғалиев Сәбит Дөнентаевтың шығармаларында қозғалған қоғамдық мәселелер бүгінгі күні де өзекті екенін атап өтті.

- Біз орыс мектебінде оқыдық, - деді Мәдениет Омарғалиев. – Бізге Пушкинді, Лермонтовты оқытатын. Бұндай ағаларымыздың еңбектері бізге жетпеді. Еліміз азаттық алғалы жұртының ертеңі үшін күрескен ағаларымыз насихатталып жатыр. Олар сол күреске өмірлерін арнады. Бұндай азаматтардың ерлігін ашып көрсету – біздің міндетіміз. Біздің Ақсу қаласы өзінің деңгейінде осы тұлғамыздың аты өшпесін деп көшенің, мектептің, мәдениет үйінің атын берді. Жылда насихаттауға арналған шаралар өтіп жатады. Биылғы жыл тіптен ерекше. Өйткені Сәбит атамыздың 125 жылдығы. Қандай шара өткізсек те көп емес. Жалпы, бұл кісінің шығармасындағы көтерілген мәселелердің көбі қазіргі қоғамда да бар. Сондықтан жастар осы кісілердің жолымен жүрсе, үлгі алса халқымыздың ертеңі мығым болатынына сенімдімін.

Әдеби кеште Ақсу қаласының Құрметті азаматы, Құркөл ауылының тумасы, ақын, «Құркөлдің ақындары», «Құркөл өңірінің тарихы» кітаптарының авторы, Қаршыға Шаяхметов «Сәбит атама» арнау өлеңін оқыды.

Сонымен қатар, Ақсу қалалық кітапханасының оқырмандарынан құралған өнерпаздар Сәбит Дөнентаевтың өлеңдерін, арнауларын оқып, күй тартты.

Айта кетейік, Сәбит Дөнентаев 1894 жылы Семей облысының Павлодар уезiнiң Ақсу болысында туған. Жас кезінен ескіше хат танып, кейіннен Павлодар медресесінде оқыған. 1913 жылы «Айқап» журналында ақынның «Қиялым» деген өлеңі жарияланды. Бұл – ақынның баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Осы кезден бастап өз заманының маңызды мәселесінің бәріне үн қосқан ақын өлеңді үзбей жазады.

1915 жылы Уфа қаласында «Ұсақ-түйек» деген атпен өлеңдерінің алғашқы жинағы жарық көрді. 1919–1922 жылдар арасында қазақ ауылдарында мұғалім, халық соты қызметтерін атқарды.

1928 жылдан бастап С.Дөнентаев «Қазақ тілі» газетінің редакциясында жұмыс істеп, барлық күш- жігерін қазақ әдебиетін дамытуға жұмсайды. Ал 1957 жылы шығармаларының академиялық жинағы шықты.

С.Дөнентаевтың ақындық қызметі екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі – 1912–1918 жылдар арасы, екінші кезеңі – кеңес дәуіріндегі шығармашылығы, яғни 1918–1928 жылдар арасы. Ақынның «Заман кімдікі», «Досқа», «Замандастарға», «Балалық» және т.б. өлеңдері халықтың азаттыққа ұмтылу арманын суреттейтін реалистік шығармалары болды. Ақын шығармалары тақырып, жанр, көркемдігі жағынан да әр алуан болып келеді. Ол өз дәуірінің қоғамдық шындығын кең жырлаған, қазақ әдебиетінің өткір сатиралық стильді қалыптастырған ірі суреткер ақын.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Сәбит Дөнентаев, 125 жыл, қоғам