Еске сала кетсек, аталған турнир 19 маусым күні «Баянтау» спорт сарайында басталған болатын.

3 күнге жалғасқан волейбол жарысына еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыстарынан мемлекеттік қызметшілердің 17 командасы қатысты. Командалар 4 топқа бөлініп өнер көрсетті.

Топтық кезеңнен Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласының мемлекеттік қызметшілері сүрінбей өткен. Ақтық мәреде Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының командалары 1-4 орындарға талас жүргізді.

Турнир қорытындысы бойынша 3-орынға Түркістан облысының командасы табан тіреді. 2-орынға Алматы қаласының командасы қол жеткізсе, 1-орынды Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік қызметшілері жеңіп алды.

Шығыс Қазақстан командасының капитаны, Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Долон ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Әбдірахманов жарыс арқылы әріптестерімен тәжірибе алмасқандарын айтты.

- Жарыстың ұйымдастырушылығы жоғары дәрежеде болды, - деді Нұрлыбек Әбдірахманов. – Алматылық әріптестермен финалда сынға түстік. Бірінші партия жеңіліс тапсақ та, есемізді жібермедік. Ойын тартысты өтті. Мемлекеттік қызметкер деген тек кабинетте отырмай халықпен жұмыс жасап, спортпен шұғылданады. Барлық жастарды мемлекеттік қызметке келуге шақырамын. Бұл жарыс арқылы әріптестермен араласып, бос уақытта тәжірибе алмастық. Өзімізде және оларда жұмыстың қалай жүрілетінін талқылап, бір-бірімізге бағыт бердік.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттарын облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов, ҚР Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев, Павлодар облысы волейбол федерациясының вице-президенті Аманжол Әубәкіров табыс етті.

Мейрам Серғазинды еске алуға арналған ІІ республикалық турнирдің нәтижесі бойынша жеке есепте Павлодар облысының ойыншысы Хасен Сағадиев – «Үздік тосқауыл қоюшы», Шығыс Қазақстан облысының ойыншылары Рауан Уәлиханов – «Үздік шабуылшы», Сымбат Дүйсенғазин – «Үздік қорғаушы», Түркістан облысынан келген Ахан Есалиев – «Үздік байланыстырушы», Алматы қаласынан келген Есбол Курибай – «Үздік диагональ шабуылшы» және Қуат Мерқоджаев – «Ең бағалы ойыншы» атанды.

Айта кетейік, Мейрам Мағжанұлы Серғазин – облысымыздағы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментінің ең алғашқы құрушылары мен басшыларының бірі болып табылады. Өз еңбегімен ол өңірдегі мемлекеттік қызметтің қалыптасуы мен дамуына қомақты үлесін қосты. Оның қызметі ордендермен және медальдермен белгіленді. Өмір бойы Мейрам Серғазин Ертіс өңіріндегі спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын насихаттаған.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мемлекеттік қызмет, волейбол, турнир, Мейрам Серғазин, спорт