Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

"Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмекті 1,4 млн адам алады. Біз қазір фальсификация фактілерін, көмекті заңсыз тағайындау оқиғаларын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, елде жақсы бір нәрсе қабылданғанда содан табыс көргісі келетін адамдар да пайда болады. Олар да бір отбасыға төленетін 105 мың теңгені алғысы келеді. Сол себептен түрлі шараларға барады. Табысын жасырады, әдейі ажырасады және тағы басқа", - деді Гүлшара Әбдіқалықова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан бірнеше топ құрылғанын айтты. Олар өңірлерді аралап, тексереді екен.

"Бірінші тексеру өтті. Біз барлық материалдарды тапсырдық. Жұмыс істеген топ суретке түсірген. Кейбіреулердің коттеджі, машинасы, жақсы табысы мен басқасы бар болып шықты. Бұл материалдар құқық қорғау органдарына өткізіледі. Тексеру жұмысы әрі қарай жалғасады. Бүгінгі күні 2 мыңға жуық факт тіркелді. Олар түрлі облыста орын алған. Қазір жаппай тексеру жүріп жатыр. Сондықтан бұндай фактілер тағы анықталуы мүмкін. Әрине, біз заң бұзушылықты көрсеткенде кейбіреулер алған қаржысын өз еркімен қайтарып жатыр. Дегенмен барлығы қайтармайды. Біз ондайларды құқық қорғау органдарына береміз. Олар әрі қарай өздері жұмыс істейді. Сотқа беруі мүмкін. Осылайша, сот арқылы өндіріледі", - деді Әбдіқалықова.

Премьер-министр орынбасарының мәліметінше, заң бұзушылықтардың басым бөлігі халық саны көп өңірлерде тіркелген. Атап айтсақ, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Қызылорда облысы мен Алматы облысында.

"Осы облыстарда өте көп", - деп түйіндеді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы отбасыларға көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын.

pavlodarnews.kz

Тэги: