Бұл туралы 2019 жылғы футбол маусымын қорытындылау жөнінде өткен баспасөз жиынында «Ertis» ФК спорт директоры Эдуард Глазунов мәлім етті.

- Футболшылар демалып жатқанмен, бізде қызу жұмыс басталды, - деді Эдуард Глазунов. – Соңғы тур аяқталғанда бапкерлік құрам келісімшарт жасасты. Бұрынғы құрам қалады. Олар өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті. 5 ай атқарған жұмыстарында команданы белгілі бір деңгейге көтерді деп санаймыз. Өткен маусымдағы 2-айналымда тұрақсыз болдық. 3-айналымда команданы түзеді. Бапкерлер дұрыс жолда екендерін көрсетті. Психологиялық қысымға шыдады. Чемпионаттың соңы қуантып тастады. Қай іске болсын, уақыт керек екенін байқатты. Себебі, бұл – командалық спорттың түрі. Сондықтан бапкерлерді қалдырдық.

Спорт директоры алдағы маусымда ойнайтын футболшылар туралы да айтты. Қазіргі кезде 6 ойыншымен келісімшарт жасалған.

- Біз бас бапкермен бірге ойыншылармен кеңес өткіздік, - деді Эдуард Глазунов. – Бірден келісім бергендер және ойлануға уақыт алғандар, агенттерімен сөйлесуге бағыттағандар да болды. Бүгінде отандық ойыншылар – Александр Заруцкий, Дмитрий Шмидт, Арман Кеңесов пен легионерлер – Милош Стаменкович, Карлос Фонсекамен келісімшарт жасалды. Сондай-ақ Екібастұздан жас қақпашы Серікбол Қапановты қайтарып алдық. Бізде қалған 6 легионермен келіссөз жасалуда.

Спикер ойыншыларды құрамға қабылдауда соңғы сөзді бас бапкер айтатынын атап өтті. Сондай-ақ «Еуразиялық экономикалық одақ» елдерінің ойыншыларын легионер деп санамау жөніндегі шешім Қазақстанда да қабылданып қалуы мүмкін екенін жеткізді.

- Маусым аяқталғаннан кейін ойыншыларын ұсынып жатқан агенттер өте көп, - деді спорт директоры. – Алайда біз жақсылап таңдайтын боламыз. Соңғы сөзді бас бапкер айтады. Жалпы, биыл Еуразиялық одақтағы елдердің ойыншыларын легионер деп санамау шешімі қабылданып қалуы мүмкін. Бұл отандық ойыншылардың бағасы төмендеуіне әсер етуі ықтимал. Өйткені бізде жақсы ойнайтын қазақстандық ойыншылардың бағасы өте жоғары. Бір жағынан футболшылар арасында бәсекелестік туады. Оған қоса, мен бапкерге Павлодардан шыққан ойыншылардың тізімін ұсындым. Федин мен Шомко туралы айтпай-ақ қоюға болады. Олардың бағасы тым қымбат.

Жоғарыда айтылған шешім шығарылса, Қазақстанда Беларусь, Армения, Қырғызстан және Ресей ойыншылары отандық ойыншылармен бірдей қабылданады.

Сонымен қатар, «Ertis» ФК жаңа маусымға дейін Түркияда 2 оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Біріншісі 8-24 қаңтар аралығына жоспарланған. Жиын кезінде команда екі ойын өткізеді. Сондай-ақ бірінші жиын кезіне команда құрамының 80 пайызын нақтылау көзделген. Екінші оқу-жаттығу жиыны 30 қаңтардан 22 ақпанға дейін жалғасады. Бұл жиында 6-7 ойын өткізіледі.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis", ФК, футбол, спорт