Алаяқтардың арбауына түсіп қалған кәсіпкерлердің бірі - Ирина Капустина. Бірнеше сауда үйлерінде бутиктері бар кәсіпкер әлеуметтік желілер арқылы өнімдерін жарнамалайтынын айтады.

- Тұтынушы Whats App желісіне жазып, Шымкент қаласынан екенін айтты, - дейді Ирина Капустина. – Бас киімге тапсырыс бергісі келетінін айтқаннан кейін түсін, моделін таңдадық. Мен оған тапсырыс сомасы 55 мың теңге және Шымкентке курьерлік қызмет арқылы жеткізу 1400 теңге екенін айттым. Бағасына келіскен соң тапсырысты бекіттік. Қазіргі уақытта саяжайда екенін ескертіп, пошта қызметі арқылы ақшаны аударатынын айтты. Төлқұжатымның нөмірі мен банктік картамның 20 сандық нөмірін еш күмәнсіз жібердім. Себебі, пошта арқылы жіберу үшін дәл осы деректер қажет екенін білдім. Біраз уақыттан кейін менің картама 50 мың теңге түседі. Тұтынушы қалған соманы құрбысының әкеле жатқанын айтып, күте тұруымды сұрады.

Кәсіпкердің айтуынша, бірнеше сағаттан кейін шотына 35 мың және 93 мың теңге түседі. Аталмыш сомаға құрбысының да бас киім алғысы келетінін айтқан. Бұл жағдай күдік тудырмаған, себебі мобильді қосымшасын тексерген кезде ақша аударымы Халық Банктан түскені көрсетілген.

- Келесі күні құрбымның жолдасы тас жолында апатқа ұшырап, қайтыс болды деген негіздемемен құрбысының ақшасын қайтаруды сұрады, - дейді Ирини Капустина. - Мен тұтынушының тапсырыс берген затын Шымкентке жолдап, ал, құрбысының 118 600 теңге көлеміндегі ақшасын банк картасына салдым.

Бір айдан кейін кәсіпкерге үш шағын несие ұйымдарынан қоңырау түсе бастады. Атап айтқанда, «Aventus Kazakhstan» ЖШС - 90 мың, «Кредит Смарт» - 40 мың және «Zing Kazakhstan» - 35 мың теңге берешегі бар екені белгілі болады.

- Бұл жағдайды білгеннен кейін несиелер бойынша анықтама алдым, - дейді спикер. - Маған микронесиені рәсімдеу кезінде аты – жөнім мен куәліктің нөмірі дұрыс көрсетілген. Ал қалған сауалнамалық деректер, яғни, мекен-жайым, байланыс телефондары, электрондық пошта ойдан шығарылған. Павлодарда осындай жағдай бойынша төрт, Қазақстан бойынша 34 адам зардап шекті. Біз барлық істерді Нұр-Cұлтан қаласына ауыстырғымыз келеді және бұл іспен елордалық тергеуші айналысқанын қалаймыз.

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің басшысы Сейфолла Қасымқанов зардап шеккен кәсіпкерлерге жағдайды зерттеп, көмек көрсетуге тырысатынын айтты.

- 2020 жылға біз ҚР Бас прокуратурасымен бірге Жол картасын құрдық, - деді Сейфолла Қасымқанов. - Онда бірқатар іс - шаралар қарастырылған, оның ішінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша да облыс прокуратурасымен бизнестің құқығын қорғау ісіндегі ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Сондай-ақ, бөлім басшысы барлық мүдделі тараптардың, соның ішінде ҚР Ұлттық Банкінің облыстық филиалы өкілдерінің, екінші деңгейдегі банктердің және зардап шеккендердің қатысуымен дөңгелек үстел өткізуді ұсынды.

Айгүл Жүсіпова

Фото: ӨКҚ

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кәсіпкер, алаяқтық, заң