Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, байқауға қаланың 37 мектебінен 5-11 сыныпта білім алатын 112 оқушы қатысқан.

- Шараның мақсаты - қазақтың ұлы ойшыл ақындарының шығармашылығын оқушылар арасында кеңінен насихаттау, ақын шығармалары негізінде өскелең жас ұрпақты адамгершілік рухында тәрбиелеу, Отанға, анаға деген сүйіспеншілігін арттыру. Жас өрендердің арасында бас жүлдеге ие болған  Дауан Бахберген ерекше көзге түсті. Ол «Өлең – сөздiң патшасы, сөз сарасы» мәнерлеп оқу аталымында өзінің жоғары дайындығымен болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттердің бірі екенін көрсетті. Жеті жасынан Абай өлеңдерін оқитын жас дарын иесі бос уақытында өлең жазумен айналысады, - дейді бөлім маманы Балжан Әділханова.

Бұдан басқа, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» жас ақындар аталымында № 25 мектептің 8-сынып оқушысы Дамира Түсіпбекова, «Көңілім әнді ұғады» Абай әндерін орындау аталымында төрт жасынан әнді серік еткен қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы № 37 мектептің 8-сынып оқушысы Томирис Сушинова бас жүлдеге ие болды.

Айта кетерлігі, қалалық «XVІІІ Абай Құнанбаев» оқуларынан жүлделі орындарға ие болған аталмыш үш оқушы облыстық Абай оқуларына қатысады.

 

pavlodarnews.kz