Аталмыш үйдің тұрғыны Марат Қосшығұлов ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жарияланғанын естігеннен кейін ауруға қарсы шараларды күшейту мақсатында челлендж ұйымдастыруды жөн көргенін айтады.

- Осылайша тұрғындарға мұндай қиын жағдайда өзіміз тұратын жерде тазалықты сақтап, өскелең ұрпаққа үлгі болу керек екенімізді жеткізгіміз келді, - дейді ол. - Тазалық - денсаулық кепілі. Уайымға салынудың қажеті жоқ.  Өзіміз бен балаларымызды, айналадағы адамдарды қорғау үшін ешкімді күтпей іске кірісу керекпіз. Қолғап киіп, жууға арналған заттарды қолдану арқылы өзіміз тұратын аумақты тазалап шықсақ, вирусқа қарсы төтеп береміз.

Тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары Нұрлан Рашитовтың айтуынша, елімізде төтенше жағдай режимі туралы жариялаған сәттен бастап мұндай шара күнделікті атқарылады. Бүгінгі таңда 70 шақты үй өңделген.

- Бірнеше күннен бері подъездерді құрамында хлор бар препараттармен өңдеу жүргізілуде, - дейді Нұрлан Рашитов. - Тұрғын үй инспекциясының барлық мамандары өздеріне бекітілген аудандар бойынша бақылауды жүзеге асырады. Барлық пәтер иелеріне натрий гипохлориді берілді. Бүгін № 1 автобус паркінің аумағында ұсынылуда. Барлық қызмет көрсету ұйымдары тәулігіне екі реттен подъездерде дезинфекция жүргізу керек. Егер де кейбір үйлерде клининг ұйымдары болса, олардан өңдеу жұмыстарын жүргізуді талап етеміз. Себебі, тұрғындар ай сайын ол үшін ақша төлейді. Бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Кейбір ПИК-терде тарифте қаражат қарастырылмаған. Алайда, бұл мәселенің шешімін табу жолын қарастыру керек.

 Инспекция басшысы орынбасарының сөзінше, бұл іске 132 басқару органының 70 шақтысы жұмылдырылған. Бұдан әрі барлық пәтер иелері кооперативтері тартылады. Егер де санитарлық талаптарды жүзеге асырудан жалтарғандар болса, әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Әрі қарай да шараларға қатыспаған жағдайда 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Зарарсыздандыруға қажет препаратты «Каустик» ЖШС бір литрін 100 теңгеден ұсынады. Пәтер иелері кооперативі орташа есеппен 100-200 литрден сатып алуда. Күн сайын 30 үй дезинфекциямен қамтылады. Алдағы уақытта 50-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.

«Вера» ПИК басшысы Евгения Шквира елімізде орын алған жағдайға байланысты подъездердің ішін өңдеуге аула тазалаушы, еден жуушы, қоқыс шығарушы, сантехник, барлығы 16 адам шыққанын айтады.

- Біріншіден, бірінші қабаттан оныншы қабатқа дейін панельдерді, едендерді, тұтқаларды өңдей бастадық, - дейді Евгения Шквира. - Павлодар облысында коронавирусқа шалдыққан адам бар екені туралы естігеннен кейін бүгіннен бастап  подъездерде ауаны дезинфекциялай бастадық. Қоқыс люктерін, терезелер мен есіктер қамтылды. Күніне екі рет жүргізу физикалық тұрғыдан мүмкін емес, бірақ күн сайын сатылардың сүйеніштерін өңдейміз. Барлығымыз бірігіп, маскалар мен қолғап киіп, өз сатыларымызды бірге өңдеу керекпіз. Ол үшін сұйық хлор ұсынамыз. Бір шелек пен жуғыш еденге, екіншісі тұтқалар мен терезелерге арналады.

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Светлана Воронова

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk