Оған Павлодар қаласы мәслихатының депутаттары, қоғам белсенділері, жастар және қала тұрғындары қатысты. 

- Бізге қаланың бір топ азаматтары, зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ғалымдар Шолпан Байғалының атынан Ленин көшесін Астана көшесіне ауыстыру жөнінде өтініш түсірген, – деп мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыманов ашық пікір білдіруге шақырды. - Заңда белгіленген тәртіп бойынша тиісті құжаттарды жинап, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясына ұсындық. Комиссия көпшілік пікірін білуге жиналды. Бүгінгі қоғамдық тыңдау туралы жарияланған болатын.

Қоғамдық тыңдауға келген көпшілік бастамашы топтың ұсынысын қолдады. Алғашқы болып өлкетанушы, тарихшы Эрнест Соколкин өз ойын ортаға салды.


- Астана - жас мемлекетіміздің символы. Астана - әлемдерді татуластырудың бейбітшілік алаңы. Астана дүниежүзі мәдениеті мен өркениетінің орталығына айналды, - деді Эрнест Соколкин. - Сондықтан Астана атауын еліміздің қалаларында қолдану заман талабы. Ленин көшесін Астана деп ату өте орынды. Әр қалада Астана көшесі болу керек. Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын!

Көпшіліктің арасында бұл бастамаға қарсы шыққандары да болды. Олар Ленин көшесі Астана атауына сай емес, тым жұпыны, қысқа әрі құрылысы ескі деген түрлі себепті алға тартты.

Десе де, Павлодар қаласының құрметті азаматы, ақын Шолпан Байғалы бүгінде шаһардағы 200-ден астам көше атауы бүгінгі күннің идеологиясына сай еместігін атап өтті.

- Павлодар - Қазақстанның үлкен өндірістік аймағы, - деді Шолпан Байғалы.  -Павлодар қаласы менің тағдырым мен тамырым. Сондықтан заман талабына сай атауларды жаңғырту керек. Осы жылы облыс әкімі Болат Бақауовтың халық алдындағы есептік кездесуінде замандасымыз, қоғам қайраткері Евгений Азаров осы мәселені көтерген болатын. Бұл сұрақ соңғы кезде жиі көтерілген соң, аймақ басшысына хат жолдап, Ленин көшесіне Астана атуын ұсындық. Көпшілік қолдаса, нұр үсіне нұр болар еді.

Нәтижесінде көпшілік тыңдау барысында егде тартқан бірер  тұрғындардан басқасы Ленин атауын Астана деп алмастыру орынды деген ұсыныс білдірді. Қоғамның пікірін тыңдаған халық қалаулылары дауысқа салу арқылы атауды өзгерту жөніндегі ұсынысты қанағаттандыру туралы арнайы хаттама әзірледі. Нақты шешім қалалық мәслихаттың сессиясында белгілі болады.

Махаббат Камесханұлы

pavlodarnews.kz

Тэги: