Балалар ұстаздарымен және ата-аналарымен бірге елорданың ең әсем ғимараттарын құмнан қалаған. Оның ішінде қиялға ерік берген жас өрендер Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясын жасап шығару үшін арнайы бояу мен желім, су эмульсиясын қолданған.

- Бүгінгі байқауға жас ерекшелігі әртүрлі сегіз оқушы мен үш ата-ана, үш ұстаз қатысты, - дейді № 7 жалпы орт білім беру мектебі директорының орынбасары Баршагүл Төңкерханқызы. - Ақорданы құмнан тұрғызу үшін біраз уақыт жұмсауға тура келді. Екі жақтан жол салып, жан-жағына шегіргүл отырғыздық. Тастармен ою-өрнектерін безендіріп, бірлік пен достықты бейнелейтін кептер құсын және еліміздің Туын орнаттық.

Жетінші сыныптың оқушысы Әмина Хұсайынова құмды акрил және сумен араластырып, бұл ғимараттың бағандары мен күмбезін бояғанын айтады.

- Мен өзім Астанада болдым және маған еліміздің бас қаласы қатты ұнады. Көптеген көрікті орындар бар. Әсіресе, Ақорда үлкен әсер етті. Болашақта суретші немесе сәулетші болуды армандаймын, - дейді ол.

№ 28 мектептің оқушылары мен ұстаздары, ата-аналары да Президенттің Резиденциясын таңдаған. Олар мұнда екі сағат бойы еңбек пәнінің мұғалімі Марина Муллаяровамен бірге жұмыс істеген.

№ 13 мектептің оқушылары «Хан Шатыр» орталығын құмнан қалап шығару үшін үш сағат уақыт жұмсаған.

 № 16 және № 35 мектептердің ұстаздары Елена Стриха мен Амангелді Қасымов бірлесіп, шәкірттерімен Астана қаласындағы сәулет өнерінің бірегей туындысы - Бәйтеректі, Үкімет үйін, Экспо-қалашығын, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрын, Тұңғыш Президент музейін құмнан тұрғызған. Сонымен қатар, олар болашақ қаласын бейнелеп, көлік кептелісі мәселесін шешу үшін автомобиль жолдарын да ойластырған.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани