Бұл туралы сегіз жылдан бері кесенеде шырақшы қызметін атқарып отырған Ермек Рахметов айтты.

-  Көбінесе көршілес Ресей елінен келетіндер саны басым, - дейді Ермек Рахметов. -  Бұған дейін Түркия және Германия елдерінен келгендер болған. Олардың  көздеген мақсаттары әртүрлі. Біреулер дертіне шипа іздесе, енді бірі осындай киелі жер бар екенін естіп қызығушылық білдіріп жатады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Канада аумағында ғана кездесетін қарағайлы ну орман өскен таңғажайып табиғатты тамашалауды жөн көреді. Өзіміздің  Астана, Атырау өңірлерінен айына 200-дей адамды қарсы аламыз. Дәл қазір Алматыдан келе жатқан бір топ адамды күтіп отырмыз.  Мұнда 100 орынға арналған үлкен зал бар. Адамдарды сол жерге жайғастырамыз.

Айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Батыс Қазақстан облысынан қазақтың әйгілі батыры, ағартушы Бекет ата туралы дерек жинап жүрген ғалым  кесенеге атбасын бұрған. Ол  есімі қазақ даласына мәшһүр,  хазірет діни мәртебесін алған Ғабдул-Уахит хазірет Тіленшіұлының өмірімен танысып кеткен.

Ғабдул-Уахит хазіреттің кесенесі «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы аясында киелі  жерлер картасына енгізілген нысан.

Еске сала кетейік,  биылғы жылы 10-наурызда ауданның 90 жылдығына орай «Ертіс орманы» резерватының аумағында Есілбай – Ғабдул Уахит хазірет туристік аймағы - Есілбай маршруты бойынша ұзындығы 85 шақырымдық ат туризмі маусымы ашылған.

«Кәкімбаев» шаруа қожалығына иелік етіп отырған ауыл тұрғыны Ержан Кәкімбаев  ат туризмін дамыту мақсатында 3 млн теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант алған.  Ол осы қаржыға  жылқылар  сатып алып, келген туристерді   Есілбай ауылынан  Ғабдул-Уахит хазіреттің кесенесіне дейін 30 шақырым жерге жылқымен жеткізеді.  

Ақбота Сейсенбаева


pavlodarnews.kz

Тэги: рухани