Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марлен Оспанов мәлім етті.

- Үстіміздегі жылы облыста орақ түскен жер аумағы 1 миллион 50 мың гектарды құрады, - деді Марлен Оспанов. – Бұл – былтырғы жылға қарағанда 9 пайызға артық көрсеткіш. Бүгінгі күні 663,8 мың гектар жерден астық дақылдары аумағының 91 пайызы алынып, бастырылды. Жалпы өнім 791,8 мың тоннаны құрайды, өнімділік – гектарына 11,9 центнер. Дәнді дақылдардың жоғары өнімділігі Тереңкөл – гектарына 13 центнер және Железин ауданында – гектарына 12,9 центнер тіркелді.

Жиын-терім жұмыстары Екібастұз қаласының ауылдық аумағында және Аққулы, Баянауыл, Май, Успен, Шарбақты аудандарында аяқталды.

Марлен Оспановтың айтуынша, облыстың ауылшаруашылық тауар өндірушілері 2019 жылға арналған тұқымның жоспарлы 119,9 мың тоннасының 83,9 мың тоннасын әзірледі. Бұл жоспардың 70 пайызын құрайды. Атап айтқанда, астық тұқымы – 53,1 мың тонна, жем-азық – 1,2 мың тонна және картоп – 29,6 мың тонна.

Сонымен қатар, мал шаруашылығын жем-шөппен қамту мақсатында үстіміздегі жылғы қыстау мал азығы әзірленуде. Шөп – 1258,2 мың тонна, сұраныстың 138 пайызы әзірленді. Оған қоса, әзірленген сабан – 177,7 мың тонна, сүрлем - 134,0 мың тонна, пішендеме – 64,9 мың тонна.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ауыл шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, экономика