Бұл туралы байқауды ұйымдастырушы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы шығармашылықты дамыту бөлімінің меңгерушісі Дәмелі Саламбекова мәлім етті.

- Байқауға облысымыздың әр ауданы мен қалаларынан келген 31 оқушы қатысты, - деді Дәмелі Саламбекова. – Былтырғы жылы аудандық кезеңнен өткен бір баладан қатысса, биыл екі оқушыдан қабылданды. Қатысушылардың ішінде бас жүлдені жеңіп алған Павлодар ауданы Ямышев орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айкерім Хауметқали ерекшеленді. Ол барлық бөлімнен сүрінбей өтті. Мұқағали Мақатаевтың «Майгүліме» өлеңін қолына қызғалдақ алып, ерекше бір әсерге бөленген күйде тамаша орындап шықты. Енді ол ақынның дүниеге келген Алматы облысы Райымбек ауданының Қарасаз ауылында өтетін республикалық кезеңде Ертіс өңірінің намысын қорғайды.

Байқаудың бірінші кезеңі - «Менің пірім - Мұқағали» атты жыр бөлімінде оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыса, «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» бөлімінде жас ақындар өз туындыларымен таныстырды. «Жыр эстафетасында» ақынның «Аққулар ұйықтағанда» және «Райымбек, Райымбек» поэмаларын мәнеріне келтіре отырып жатқа оқыды. Сайыстың төртінші бөлімінде берілген ұйқасты пайдаланып тұжырымды, түйінді шумақтарды қолма-қол шығарып, шабытты жырларын ұсынды. «Өлеңмен өрілген ой» бөлімінде берілген өлең құрылысына қарай талдау жасады. «Мұқағали мұрасын кім көп біледі?» бөлімінде 1 минуттың ішінде ақын өмірі мен шығармашылығынан қаншалықты деңгейде хабардар екендігін анықтайтын 10 сұраққа жауап берді.

І дәрежелі дипломмен Ақсу қаласы Қалқаман орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жүнісхан Айтолған марапатталды.

ІІ дәрежелі дипломға Аққулы ауданы Тілектес орта мектебінің 9 сынып оқушысы Мақпал Хайратбек, Шарбақты ауданы Есілбай орта мектебінің 8 сынып оқушысы Айдана Қайкен ие болды.

ІІІ дәрежелі диплом иегерлері Ақсу қаласы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясының 8 сынып оқушысы Жәнібек Жансая, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 8 сынып оқушысы Рамазан Дәуренбекұлы және Екібастұз қаласы №36 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Қазына Тыныбек атанды.

«Ұстаздық еткен жалықпас» номинациясымен оқулар жеңімпазын дайындаған Павлодар ауданы Ямышев орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Каукер Төлеу марапатталды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Мұқағали оқулары, білім, байқау, қоғам