32-тур аясындағы «Ертіс» - «Ақжайық» матчының үзілісі кезінде команданың атақты жанкүйері осы мәселе төңірегіндегі пікірімен бөлісуге келісті.

Келер жылы 80 жасқа толатын Анатолий Шушкановтың айтуынша, «Ертіс» биылғы маусымды өте сүреңсіз өткізді.

- Менің футбол жанкүйері болғаныма 50 жылдай болды, бірақ командамыздың мұндай сүреңсіздігін көрген емеспін, - деп қынжылыс білдірді «Хоттабыч». – Біздің команда әдетте жоғары орындардан көрініп, біресе чемпион, біресе күміс немесе қола медальдар ұтып жүрген еді. Биыл командамызға не болғанын білмеймін. Маусым бойы жаттықтырушылар да, футболшылар да бірінен соң бірі ауысып жатты. Қысқаша айтсам, биыл командамызда бейберекетсіздік орын алды.

Анатолий Шушканов ойыншылардың ішінен ешкімді бөле жара атап өткен жоқ. Алайда, әдеттегідей команда қақпашысының өнер көрсетуіне ерекше тоқталды.

- Биылғы футболшылардан жақсы ойнады деп ешкімді атап өте алмаймын. Мен әркез қақпашылардың ойнына ерекше назар аударамын. Қақпашы – мен үшін басты ойыншы. Меніңше, Никита Калмыков болашақта жақсы қақпашы бола алады, - деді Анатолий Шушканов.

«Хоттабыч» әңгіме барысында «Ертістің» бас бапкері туралы да өз пікірін білдірді.

- Димитров бұрын да «Ертісте» бас бапкер болған, - деді «Хоттабыч». - Сол кезде ол команданы біршама биік деңгейге көтерген болатын. Осы жолы оның өзі сәл де болса абдырап қалған секілді. Дегенмен, онсыз команданың жағдайы бұдан төмен болар ма еді, кім білсін. Егер команда Премьер-Лигада қалса, Димитров тәуір ұжым жасақтай алады деп ойлаймын. «Ертіс» төмен түспейтініне әлі үміт бар. Алайда, «Ертіс» Бірінші лигаға шығып қалса, мен футболға бармаймын. Мен ғана емес, стадион қаңырап бос қалады.

Анатолий Шушканов 1971 жылдан бастап «Ертістің» қатысуымен өтетін матчтарға келіп, жанкүйерлер ішінде командаға ең қызу қолдау білдіретін адам. Павлодар футбол сүйер қауымы ішінде абыройға ие «Хоттабыч» - команданы қолдауға бағытталған түрлі ұрандарды айтатынымен танымал.

Екі жыл бұрын команданың сол кездегі капитаны Давид Лория мен «Север Ультрас» фанаттар қозғалысының қатысушылары Анатолий Шушкановты туған күнімен құттықтап, «Ертіс» жейдесін сыйға тартқан болатын.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Ертіс ФК, футбол, спорт, Премьер-лига, ҚПЛ, Анатолий Шушканов